02
Сенбі,
Қараша

һижри

Қазақ баласын үш-ақ ауыз сөзбен тәрбиелеген

Қазақ баласын үш-ақ ауыз сөзбен тәрбиелеген

Исламдағы отбасы
Жарнама

Атам қазақ баласын үш-ақ ауыз сөзбен тәрбиелеген дейді этнографтар, әдебиетшілер. Негізі үшеуін де бала кезде бәріміз естіп өскенбіз, құлағымызға әбден сіңісті болған сөздер.

Бірінші сөз – «ұят болады». Естеріңізге түсті ме, бәрімізді де ата-анамыз осы сөзбен өсірді ғой. «Ұят боладыдан» өлген адам жоқ. «Үлкендердің атын атама, сіз деп сөйле, ұят болады», «көршінің затын алма, ұят болады», «қатты қарқылдап күлме, ұят болады», «мұғалімге сөз қайтарма, ұят болады». Қарап тұрсаңыз, осы тыйымның бәрінен адамның өзіне де, қоғамға да пайда екен. «Ұят боладының» әр жағында «ұят – иманнан», «ұялмасаң – білгеніңді істе» деген терең тәмсілдер жатқанын ескерсек, осы бір-ақ ауыз сөз арқылы қазақ ұрпағын жамандықтан, арсыздықтан, азғындықтан сақтандырып, тыйған екен.

Екінші сөз – «обал болады». «Обал» деген сөз – «соңынан сұрауы, артынан қайтарымы бар» деген мағынаны білдіреді. Мұны білген аталарымыз «нан қоқымын тастама, обал болады», «құмырсқаны өлтірме, обал болады», «құсты азаптама, обал болады», «құсты азаптама, обал болады», «кісіге қиянат жасама, обал болады», «кісіге қиянат жасама, обал болады» деп ұрпағын адамның басына айналып келуі мүмкін қиындықтан сақтандырған, ескерткен, тоқтау салған. Титтей де болсын жамандық істің зауалынан қорыққан.

Үшінші сөз – «сауап болады». «Сауап» сөзінің «ақы», «сый», «қайтарым» деген сөздермен орайлас мағынада екенін білесіздер. «Жетім-жесірге қарайлас, сауап болады», «туғаныңа қайырым қыл, сауабы тиеді», «мұқтаж адамға бөліп бер, сауабын аласың» деген сөздер арқылы бабаларымыз ұрпағын имандылыққа шақырған.

Жақсы істерді көп істейтін адамның өзі де жақсы адамға айналары хақ. Сондықтан да баламызға жақсы мамандық таңдауда көмектесуімізбен қатар, тәуір адам болуды да үйреткеніміз жөн екен.

материал «Идеал жігіт» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: