05
Жұма,
Желтоқсан

һижри

Анамның ақысын өтедім бе?

Анамның ақысын өтедім бе?

Исламдағы отбасы
Жарнама

Бір адам анасын арқалап жүріп, Қағбаны тауап еткеннен соң Алла елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сұрапты: «Анамды арқалап, қажылық жасаттым.

Қасиетті Қағбаны жеті айналдырып тәу еттірдім, енді айтыңызшы, ана ақысын өтедім бе?», - депті. Сонда Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жоқ, бұл қызметің анаңның саған жүктілік уақытында қиналған бір сәтіне де тең емес», - деп жауап берген еді. Салиқалы кісілердің бірі сапардан келіп, үйіне кірген кезде, анасының намаз оқып жатқанын көріп, құлшылығын аяқтамайынша құрмет ретінде отырмай, тұрып тұрған. Ғалымдарымыздың бірі анасының айтқан сөзін түсінбесе, анасын шаршатпау үшін қайталап сұрамайды екен. Ол анасы кетіп қалғаннан кейін басқа адамдардан сұрап, түсініп алатын еді. Табиғиндердің мырзасы – Әли Зәйнул Ғабидин – адамдардың арасындағы анасына ең көп жақсылық жасайтын адамдардың бірі еді. Бір күні досы «Мен сені анаңмен бірге отырып, тамақ ішкеніңді көрген емеспін» деп сөккен кезде ол: «Мен анамның көзі түскен тамаққа қолымды созып қойып, оған қарсы келіп қоюдан қорқамын» деген екен.

Табиғиндердің мырзасы – Уайс жаратылыстардың ең шарапаттысы – Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көруден анасының жанында болуды абзал көрді. Алла елшісінің өзі ата-анаға қызмет етуді Алла жолындағы жорыққа шығудан артық санады. Ендеше, біздің ата-анамызды қараусыз қалдыруымызға қандай сылтау бар? Жүректердің сүйіктісі болған Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көруден немесе Алла жолында күресуден асқан ұлы нәрсе жоқ шығар? Сонда өз ата-анаңа қарайласпай, тіпті, олардың жағдайын сұрамайтындай сені қандай іс шұғылдандырып жатыр? Сол «маңызды» ісің ақырет пен бұл дүниеде жақсылығынан құр қалдыруға лайықты ма? Алла саған ұсынған жәннат есіктерінің көз алдыңда жабылуына тұратын нәрсе ме? О, мол ризықты, сәттілікті қалаушы жан! Бұл нәрселерді басқа жақтан іздеме. Жәннаттың табалдырығы жақын. Ендеше, соған берік бол, барлық жақсылықты табарсың. 

Ендігі кезекте приоритеттеріңді Алла реттегендей өз орындарына реттестіруің керек. Алла Тағала «Маған және ата-анаңа шүкіршілік ет» дейді. Ендеше, ата-анаңды Алладан кейін қой. Сол нығметке шүкіршілік ету – оларды қараусыз қалдырмау болып есептеледі.

Кейде сен өзіңді «Мен оларға жақсылық жасаушымын» деп алдайтын шығарсың. Немесе «Олар менсіз-ақ өз өмірлерін кешіп жатыр. Оған қоса мұқтаж болатындай кәрі емес» деп те ойлайтын шығарсың. Алайда сен оларға шынайы жақсылық жасаушы емессің. Мүмкін, олар сенің уайымдамауың үшін «бәрі жақсы» деп айтатын шығар. Оларды ұялуға немесе сенен сұрауға мәжбүр қылма. Керісінше, сен олардың қызметіне бірінші әрекет ет.

Қызметші қожайынының барлық қажеттіліктерін біледі және айтқызбай жасайды. Егер сен олардың қажеттіліктерін, өмірлеріндегі ұсақ-түйек қалауларын білмесең, оларға жақсылық жасаушы болып саналмайсың. Олардың қажеттіліктерін сұрамастан өтеп, жақсы көретін нәрселерін жаса, ұнамайтын заттарын жыраққа жібер.

Қызметші қожайынымен тұрып сөйлеседі. Ендеше, сен де әке-шешеңмен тұрып сөйлес, олардың рұқсатынсыз отырма. Кімде-кім ата-анасы үшін өзін төмен түсірсе, Алла оның дәрежесін биік қылмақ. Қызметші дауысын қожайынының дауысынан асырмайды. Оларға жұмсақ сөйле. Мың жерден дұрыс болсаң да, олармен жанжалдасудан сақ бол. Күнәлі істерден басқа барлық әмірлеріне бағын. Міне, жақсылық жасаушылар осындай болмақ.

материал Аслан Орақбайдың «Хәл» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: