05
Жұма,
Желтоқсан

һижри

Исламға шақырған махаббат

Исламға шақырған махаббат

Исламдағы отбасы
Жарнама

Пайғамбарлық жіберілместен бірнеше жыл бұрын Пайғамбарымыздың қызы Зейнеп (Алла Одан разы болсын) балиғат жасына жақындап, Һашим әулетінің көзі оған түсіп, Мекке халқының отбасылары оған қалыңдық ретінде қол жеткізу үшін бəсекелестіктер басталды. Оған он-ондап құрметті қауым өкілдері қолын сұрап келсе де, жас әрі, дана шешімімен бәрінен бас тартып жүре берді. Зейнептің бұлай бас тартуы оған Мекке халқының құрметтілерінің бірі Әбул Ас ибн әр-Рабиғ келгенше жалғасым тапты. Сөйтіп Пайғамбарымыз қызы Зейнепке Әбул Ас қолын сұрап келіп тұрғанын жеткізгенде, оның жүзі қызарып, жымиып, оған келісімін берді.

Зейнепке Құрайыш жігіттерінің барлығы қызығып, жары етуді аңсады. Өйткені ол мінез-құлқы жағынан да, бітімі жағынан да әйелдердің ең жақсысы еді. Осы оқиғалардың барлығы Пайғамбарымызға уахи түспестен бұрын болып өтті. Осылайша Зейнеп күйеуі Әбул Аспен бірге өмір сүріп, олардың ерекше махаббаттары жайлы, ғажайып тұрмыс-тіршілігі жайлы Мекке халқының арасында әдемі мысалдар, әңгімелер айтылып жүрді. Олардың арақатынастары бірқалыптылықпен өтіп жатып, кейде Әбул Ас оны екі баласымен қалдырып, сауда шаруаларымен жұмыс атқаратын еді.

Үлкен ұлының есімі - Әли, екіншісі - Умама. Әбул Ас саудагершілікпен шұғылданса да, Зейнеп оның сол ісін ұнатпайтын еді. Өйткені ол амал Зейнепті сүйікті жұбайынан айлап алыстатып, ол күйге одан әрі шыдау қиын бола бастады. Солай өтіп жатқан күндердің бірінде Әбул Ас сауда сапарымен жүргенде, Меккеде маңызды жағдай жүзеге асып жатты. Ол маңызды оқиға Алланың Елшісіне уахидің түсуі және Ислами дағуаттың басталу кезеңі еді. Пайғамбарымызға иман келтіріп, оны шыншылдаған адамдардың алғашқыларының бірі қызы Зейнеп болды. Осы оқиғалар Меккеде жарық көріп жатқанда Зейнептің күйеуі Әбул Ас Меккеде не жағдайлар болып жатқанын да білмеуші еді.

Бірнеше айлардан соң ол Меккеге оралып, мұның бәрі оған тосын жағдай болды. Әбул Ас Зейнепке оралғанда, ол күйеуін жақсы қабыл алып, отырғызып, өзіндегі болып жатқан ғажап оқиғалар жайлы айта бастады. Әбул Астың зәресі қалмай, оны білуге тырысып, ол жайында сұрады. - Зейнеп оған: «Әкеме Пайғамбарлық жіберілді, мен оған иман еттім» - деді. - Сонда Әбул Ас:«Маған оны қабылдауың жайлы хабар бердің бе, жоқ па?» - деді. Мінеки, олардың арасындағы көкжиектерге дейін созылған барлық шиеленістер осы сәттен бастау ала бастады.

- Зейнеп оған: «Мен әкемді өтірікке шығарушылардын болмадым. Өйткені әкем Мекке халқының назарында о бастан Шыншыл әрі, Сенімді еді. Ислам қабылдаған мен ғана емес Анашым, бауырым және көкемнің баласы Әли ибн Әбу Талиб пен сенің көкеңнің баласы Осман, досың Әбу Бәкір де бар» - деп айтты. - Сонда Әбул Ас: «Алайда мен адамдардың «Әйеліне еріп аталарының дінін тәрк етіпті» деген сөздерін ұнатпаймын» - деді. Сөзін жалғап: «Маған үзірің бар ма?» - деді. - Сосын Зейнеп оған: «Кім сенен үзір іздесе де, мен сенен үзір іздеп қайтейін?

Өйткені мен сенің жарың, әрі шамам жеткенше ақиқатты айтушы көзіңнің қарашығы болсам. Сені ақиқатқа шақырамын» - деп Ислам жайлы оған ұсынып қала берді. Зейнептің осы сөзді айтқаннан соң 20 жыл өткен соң ғана бұл оқиға өз тұңғиығының маржандарын айқындай түсті...

Сол оқиғадан соң Зейнеп (Алла одан разы болсын) күйеуіне деген мейірімділігімен 20 жыл бойы өмір сүріп жатты. Күйеуі болса əлі де иман келтірмеген ал, Зейнеп еш тынбастан оны Исламға шақыра беретін. Осы ахуал Алла Тағала «мұсылман əйелдер - мұсылман емес ерлерге тыйым болған» аят түскенше жалғасын тапты. Оған дейін Зейнеп күйеуін қорғап-қолпаштап, оның Исламды қабылдауына тырысып жүрді. Алайда одан еш нəтиже көрмеді. Пайғамбарлық жіберілгеннен кейін Əбу Лəһəбтің екі баласы Ғутба жəне Ғутайба Пайғамбарымыздың қыздары Руқаия мен Умму Кулсумді масқаралау мақсатында некелерінен шығарып жатты. Алла тəубе етпейтін зұлымдық жасаушыларды Ақыретте үздіксіз масқаралыққа салады.

Алайда Əбул Ас Құрайыш руының құрметтілерінен бола тұра, жары Зейнепті талақ етуден бас тартты. Оған Құрайыш халқы Зейнепті талақ етуі үшін мал-байлық ұсынып, өз руларынан қалаған 5 əйел таңдауын алға тартса да, ол өз шешімін өзгерпеді. Тағы да өз жары Зейнепке қатысты ешкіммнің де жамандауына жол бермеді. Оның Зейнепке деген махаббаты Құрайыш халқының барлық мал-мүлкі мен ұсыныстарынан да əлдейқайда биік еді. Осылайша күндер сырғып өтіп, Алла мұсылмандарға айқын жеңіс берген Бəдір соғысы да келіп жетті. Бұл соғыс мұсылмандардың Мадина қаласына хижретінен кейін еді...

Пайғамбарымыз өз асхабымен Құрайыш мүшріктеріне қарсы жорыққа шықты. Мұсылмандарға қарсы жорыққа шыққан мүшрік əскерлерінің ішінде Əбул Ас та бар еді. Міне Зейнеп Əкесі мен күйеуі тоғысқан шайқастан сескенген сəт осылайша белең алды. Зейнептің бар болмысы, əрі Пайғамбары болған əкесі оның өмірлік махаббаты болған күйеуіне қарсы соғысы - оның бастан кешіп жатқан, жүрегіне қатты батқан ең ауыр жағдайы болды. Бəдір соғысы жайлы хабар келіп жеткенше Зейнептің сабыры сарқылып, үнсіз күтумен болды. Зейнеп жылап: «Я, Раббым! Менің балаларым жетім қалып, əкемді жоғалтып алатын таңның атуынан қорқамын» - деп дұға етті. Шайқас бітіп, мүшріктердің бір бөлігі тұтқындалып, оның ішінде Əбул Ас та болды. Тұтқындар жайлы хабар Меккеге де тарқап, Зейнеп күйеуі жайлы хабарларды сұрап шықты.

- Сөйтіп Зейнеп: «Əкем не істеді?» - деп сұрады.

- Оған: «Мұсылмандар жеңіске жетті» - деп жауап берілді. Сөйтіп ол Шүкір сəждесін жасады.

- Сосын: «Күйеуіме не болды?» - деп сұрады.

- «Оны тұтқындап алды» - деп жауап берді. - Зейнеп оған: «Оны босату үшін фидиямды (тұтқыннан босату үшін берілетін ақыны) оған жеткіз» - деді. Зейнепте фидия ретінде беретін тек біреу-ақ қана құнды заты болды. Анасы Хадижа (Алла одан разы болсын) қайтыс болудан алдын қызы Зейнепке ең ұнамды бағалы алқасын өзінде сақтау үшін сыйға тартқан еді. Зейнеп ол алқаны ешқашан тастамай, əрқашан тағып жүретін еді. Күйеуі тұтқынға түскен кезде оның бағалы алқасынан басқа ештеңе де болмады. Осылайша ол алқасын Əбул Астың достары арқылы Мадинаға күйеуін бостандыққа шығару үшін жолдады. Осыдан екі күннен кейін Пайғамбарымыз фидияларды қабылдап, тұтқындарды жіберіп отырған еді. Кенеттен сол қабылданып жатқан фидиялар арасынан көздеріне өте таныс болған, өзінің сүйікті жары, адамдардың ішіндегі ең ардақтысы - Хадижаның алқасын кезіктіріп қалды. Жүрегі дүрсіл қағып, көз жастары ардақты кеудесін жылытып өтіп:

- «Бұл кімнің фидиясы?» - деп сұрады.

- «Бұл Əбул Ас үшін фидия» - деп жауап қайтты. Пайғамбарымыз одан соң қатты көз жасын төгіп:

- «Бұл Хадижаның алқасы» - дей келе өзін қолға алып:

- «Расында Əбул Асты отбасылық, туысқандық жағынан жаман жағын көрген емеспіз, оны тұтқындығынан бостайық па? - деп адамдардан сұрайды. Тағы да Зейнепке өз алқасын қайта беруімді қабыл аласыңдар ма?» - деп сұрайды. Олар: «Уа, Алланың Елшісі əрине келісеміз» - деп разылығын білдіреді.

- Сөйтіп Пайғамбарымыз алқаны əкелген адамға: «Зейнепке айт! Бұл алқаны ешқашан елеусіз қалдырмасын» - деп жеткізуін айтады. Сосын Əбул Асқа: «Арамыздағы мəселеге байланысты айтар сөзің бар ма?» - дейді. Сосын Пайғамбарымыз одан сəл алыстап тағы да:

- «Ей, Əбул Ас! Аллаға маған мұсылман мен кəпірдің арасын бөлек ұстауға əмір берді. Қызымды өзіме қайтарасың ба?» - деп сұрады. Өйткені оған дейін Зейнеп Меккеде күйеуінің жанында болды...

Сөйтіп, Зейнеп барлық махаббат-сағынышымен жұбайы Əбул Асты күтіп алу үшін Мекке кіреберісіне қарай бет алды. Əбул Ас оны көрген кезде:

- «Мен сапарға аттанамын» - деді. Зейнеп:

- «Қайда?» - деді. «Анығында мен емес, сен Əкеңе аттанатын болдың» - деді. Зейнеп:

- «Не үшін?» - деді. Əбул Ас:

- «Алла мені мен сенің араңды ажыратыпты» - деді.

Зейнеп жұбайынан ажырап бара жатқандығына жүрегі қақ жарылардай хəлде ұлы мен қызын жетектеп Мадина қаласына қарай жолға шықты. Дегенмен Ол Раббысының жəне Əкесінің əміріне бағынуды биік көреді. Ол Мадинаға келгеннен кейін əйгілі сахабалар оның қолын сұрап бірнеше рет ұсыныс жасағанымен, 6 жыл бойы барлығынан бас тартып күн кешті. Оның барлық үміті - сүйікті жұбайы, күйеуі Əбул Ас Исламды қабылдап қалар деген ғана болды. Сол 6 жылдан соң Əбул Ас сауда сапары үшін керуенімен Меккеден Шам өлкесіне қарай жолға шықты. Сапары барысында керуенін иеленіп, өзін тұтқынға алуды қалаған бір топ сахабалардың қарсылығына ұшырап, керуенін қалдырып, өзі əрең дегенде қашып құтылды. Ол қашып, Зейнептің үйіне бет алып, есігін қақты.

- Зейнеп оны көре сала: «Мұсылман болдың ба?» - деп сұрады.

- Əбул Ас: «Керісінше, қашып келе жатырмын» - деді. 

- Зейнеп: «Исламды қабылдау ниетің жоқ па?» - деді.

- Ол: «Жоқ» - деді.

- Зейнеп:«Уайымдама! Қош келдің Əли мен Умəманың əкесі...» - деп балаларының əкесі екендігін айта кетіп, үйіне кіргізді. Таң намазы кезінде, Пайғамбарымыз жамағатқа имам болғаннан кейін, Зейнеп дауыстап келіп, мешіттің сыртында: «Əбул Ас ибн Рабиъаны жалға алдым» - деді.

- Пайғамбарымыз: «Мен есіткенді сендер де есіттіңдер ме?» - деп асхабынан сұрады.

- Олар да: «Иə, Алланың Елшісі есіттік» - деді.

- Сосын Зейнеп: «Я, Алланың Елшісі! Расында Əбул Асбір тараптан балалардың əкесі, жақын адам, сондықтан мен оны жалға алдым» - деді. Пайғамбарымыз оған келісті. Кейіннен Пайғамбарымыз оның үйіне барып:

- «Зейнеп Алла сені құрметті етсін! Иə, расында ол отбасының əкесі, жақынымыз, алайда оны өзіңе жақындатпа. Ол саған халал емес, махрам емес» - деді.

- Зейнеп Əкесіне: «Жарайды я, Алланың Елшісі» - деді. Сөйтіп Зейнеп Əбул Ас отырған бөлмеге кіріп:

- «Біздің ажырауымыз саған оңайға соқты ма? Сенің Исламды қабылдап бізбен қалар ниетің жоқ па?» - деп сұрады. 

Оның жүрегіндегі Зейнепке деген барлық махаббаты бола тұра, жүрегінде əлі де тəкəппарлық қаяу салып, Исламды қабылдамай, екеуі де қатты құлазып, жылаған күйде Зейнептің құзырынан шығып кетті. Зейнеп болса Исламды қабылдағысы келмеген жұбайына деген іштей күйзелістен ауру бола бастады. Сөйтіп Əбул Ас малдарын алып, Меккеге оралып, Мекке халқының алдында:

- «Ей, адамдар! Міне мал-мүліктерің. Кем-кетігі бар ма?» - деп жар салды. Олар:

- «Алла сені жақсылықпен сүйіншілесін. Өз уəдеңе берік болдың» - деді.

Ізінше ол сол халықтың алдында Кəлимə-Шəһəдəні айтып, жүрегін сағыныш қажытқандықтан, қайтадан Мадинаға қарай жол тартып, мешітте Пайғамбарымыздың құзырына кірді. Сөйтіп Пайғамбарымызға: «Кеше жалға алындым, бүгін мұсылман болып келіп тұрмын. Я, Алланың Елшісі! Маған Зейнепті қайта некеме алуыма рұқсат етесің бе?» - деді. Пайғамбарымыз: «Менімен бірге жүр» - деп, оны алып, Зейнептің үйіне барып, Зейнепке:

- «Ей, Зейнеп! Жақынымыз Əбул Ас бүгін маған келіп, сені өз некесіне қайта алуға рұқсат сұрады, қабыл аласың ба?» - деді. Əбул Ас алғашқы қолын сұрап келген сəттегідей Зейнептің жүзі қызарып, күлімсіреді.

Алайда өкінішке орай Əбул Астың Исламға келуі өте кешуілдеп, соңы қайғылы болып қалды дерсіз... Өйткені, осы оқиғадан кейін нақ бір жылдан соң Зейнеп (Алла одан разы болсын) көз жұмды. Əбул Ас болса өте қатты өксіп қалды. Ол Пайғамбарымызға:

- «Аллаға серт! Я, Алланың Елшісі, Зейнеп қайтыс болғаннан кейін бұл дүниеге төзе алар емеспін» - деді.

Зейнеп қайтқан бір жылдан соң оған Зейнепке деген сағынышы тыныштық бермей, өз сүйіктісімен жолығу үшін ол да көз жұмды. Алла Тағала Зейнеп пен Əбул Асты Өз мейіріне бөлесін. Мырзамыз Мұхаммедке Алланың игілігі мен сəлемдері болғай!

материал «Исламға шақырған махаббат» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: