Исламға дейінгі Шәууәл
Шәууәл айының тарихы Исламға дейінгі надандық дәуірінен бастау алады. Көне арабтар Шәууәл айын жамандыққа ырымдаған. Бұл айда ерлі-зайыптылардың бас қосуы дұрыс неке болмайды деген соқыр сенімде жүрген. Олардың Шәууәлді жаман ырымға балаған себебі - есте жоқ ескі замандардың бірінде үйленгісі келген жастардың бірнеше жұбы дәл осы Шәууәл айында қатерлі оба ауруына шалдыққан деген аңыз айтылады. Ал надан арабтар сол тағдырдың қайталануынан қорқып, Шәууәл айында үйленбеу керек деп санаған. Шәууәлда үйлену қажет болса, аспанға көгершін ұшырып, соның ұшуына қарай әрекет еткен. Яғни, тағдырын құстың ұшуына байлап, Аллаға серік қосып адасқан. Арнайы ұшырылған құс оңға не алға қарай бағыт алса, олар мұны жақсылыққа балап, Шәууәлда үйлене беретін. Ал егер әлгі құс ұшқан бетте сол жаққа не кейін қарай бағыт алса, олар мұны жаман ырымға балап, үйленуді тоқтататын болған. Алайда адамдардың тағдыры құстың немесе уақыттың емес, Алла Тағаланың қолында еді. Сондықтан Ислам келісімен аталмыш сенімдер өзінен өзі ұмытылды.
Ислам дәуіріндегі Шәууәл
Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) елшілік міндеті жүктеле салысымен ол өз қауымы ұстанатын негізсіз тиымдарды әшкереледі. Солардың бірі - Шәууәл айына қатысты еді. Алла елшісі (с.ғ.с.) Шәууәлда үйленуге болмайды деген негізсіз тиымның тамырына түбегейлі балта шапты. Ол осы айда Айша анамызға үйленді. Бұхаридің «Сахихында» Айша (р.ғ.) өзі бұл жайлы: «Алла елшісі (с.ғ.с.) маған Шәууәлда үйленді және менімен Шәууәлда шаңырақ көтерді. Алла елшісінің (с.ғ.с.) қай әйелі оның алдында маған қарағанда сүйіктірек болып еді?!" - деп мақтанған. Яғни Ислам діні мұндай жалған сенімдердің күшін жойып, Алланың мейірімін ешкімнің де шектей алмайтындығын халыққа түсіндірді. «Юнус» сүресінің 107-аятында: «Егер Алла саған бір зиян жеткізсе, сонда оны Алладан басқа айықтырушы жоқ. Ал егер саған бір жақсылық қаласа, онда Оның кеңшілігін тойтарушы жоқ. Ол оны құлдарынан қалаған кісіге береді. Ол өте Жарылқаушы, ерекше Мейірімді», – деп айтылған. Яғни пендеге пайда да, зиян да бір Алладан ғана болатындығы Құранда ашық баян етілді.
материал «Ораза энциклопедиясы» кітабынан алынды,
ummet.kz