Ұйықтар алдында балаға ертегі оқу әдеті тек қана бала үшін ғана емес, сондай-ақ ата-ана үшін де пайдалы дағды.
Ғалымдардың пайымдауынша, түн ұйқысының алдында 15 минуттық ертегі оқу баланы тілалғыш, батыл, ашық етеді, әрі қоршаған ортада болып жатқан құбылыстарға зейінін арттырады. Әсіресе, оқылып болған ертегіні баламен талқылау кейіннен баланың өз бетінше қызығушылық танытып, сөздік қорының молаюына, қиялдау қабілетінің дамуына себепші болады.
Ертегі дегеніміз – баланың метафорлық (бейнелі) тілі. Ертегідегі орын алған түрлі жағдаяттар мен оған қатысқан кейіпкерлердің әрекеттері мен мінез-құлықтары арқылы бала күнделікті өмірде болып жатқан жағдайларға бейімделіп, өзін қоршаған әлемді тануға үйренеді. Себебі ертегі әлемінің тілі өте қарапайым болып кетеді, мұнда жақсы мен жаманды, жақсылық пен жамандықты ата-ананың бағыт-бағдарымен тез ажыратып білуге болады. Әсіресе, ертегілерде балалар әлемінде орын алатын кейбір сұрақтардың, мысалы сараңдық пен жомарттық, жақсылық пен жамандық, жалғыздық пен достық, өзімшілдік сияқты қасиеттердің мәні ашылады.
Ертегі – баланы тәрбиелеудің таптырмас бір құралы. Көбінесе, балалар өздерін ертегідегі бас қаһарманға ұқсатады, онымен бірге қиял әлеміне түскен бала бүкіл ертегі барысында алда тұрған белестерді шегеріп, асуларды бағындыруға аттанады. Демек, баланың ой-өрісін дамытуда дұрыс таңдалған ертегіні, әрі кейбір қиын жайттарды балаларға жеңіл тілмен түсіндіруде ана-ананың маңызы зор. Мысалы, қазақтың жазба әдебиетінің және әдеби тілінің негізін салушы Абай сынды елеулі тұлғаның өмірінде әжесі Зеренің алатын орны ерекше. Кішкентай кезінде Зере әжесінің ертегілері мен әңгімелерін тыңдаған сайын бала Абайдың ақылы асқар таудай биіктей берді, ұшы-қиыры жоқ тұңғиық теңіздей тереңдей берді. Жансарайы ақылдың алтын қазынасына толы әжесінің әдемі әңгімелерін әрқашан қызыға тыңдаған бала Абай оларды көңіліндегі даналық дәптеріне дастандай жазып жүрген. Көкірегі даналықтың көз жеткісіз дариясы болған Зере әжесінің әңгімелері арқылы Абай ұлттық құнардан қуат алған, көңіл қоржынын рухани байлыққа толтырған. « – Е-е… Бұлдыр-бұлдыр күн өткен. Бұрынғыда кім өткен?» – деп, кішкене тақпақтап бастайтын әжесінің әңгімелері бала Абайға өмір сабақтарын түсіндірген, қоршаған дүниенің қатаң қағидаларын ұқтырған. Кішкентай кезінен ертегілерді ұнататын Абай бұрынғыдан бір үзік сыр шертетін әжесінің әңгімесін түсте де, кешке де, тіпті көш бойы да тыңдаудан ешқашан жалықпаған.
Орыстың атақты ақыны Александр Пушкинді кішкентай кезінде қиял-ғажайып ертегілерімен әдебиет пен өнер деген рухани қазынаға қызығушылығын оятқан өзінің сүйікті бала күтушісі (няня) Арина Родионовна еді. Әйгілі жазушы Федор Достоевский балалық шағында ежелгі ертегілерімен кіршіксіз көңілін қызыққа, қуанышқа толтырған бала күтушісі (няня) Алена Фроловнаны әрқашан ерекше құрметпен, жылы лебізбен еске алғандығы жайлы деректерде айтылған. Мейірімді әжесі Елизавета Арсеньеваның ақылымен асқақ арманға талпынған ақын Михаил Лермонтов өзінің жалынды жырларымен орыс поэзиясының көгінде жұлдыздай жарқыраған. Жазушы Максим Горький әжесі Акулина Каширинаның тағылымды тәрбиесінің арқасында орыс халқы мәңгілік мақтан тұтар тұлғалардың біріне айналған.
Сол себепті балаға ұйықтар алдында ертегі оқудың пайдасы мол. Ертегілерде әр істің соңы жақсылықпен аяқталатыны, жетістіктерге тек қиындықтар арқылы жететіні, адал адам бір күні жақсылыққа қол жеткізетіні жөнінде баяндалады. Қандай жағдай болса да, дұрыс шешім шығара білуге үйрететін ертегілердің өзге де пайдасы жөнінде көп айтудың қажеті шамалы. Балаға ұйықтар алдында міндетті түрде ертегі оқыңыз. Олар аңыз-әңгіме арқылы өсіп, қиялы қарыштайды. Өмірдің қуанышты да қиын кезеңдерінде жанынан табылыңыз.
«ummet.kz» рухани – ақпараттық порталы