Тумысынан қонақжай халқымыз Ислам діні келгеннен кейін де бұл қасиетін мұсылмандық сипатымен үйлестіріп, ендігі жерде келген қонақты «құдайы қонақ» деп төрге оздырған. Осылайша қонағын құшақ жая құрақ ұшып сыйлап, асты-үстіне түсіп, қонақ күтуді Алланың әмірі деп бүкіл болмысымен ұғынды. Осы мәселеде де ұлағатты ұстаздары Алла Елшісінің хадистерін өмірлік дәстүр етіп ұстанған. Мысалы, Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм):
«Аллаға және ақырет күніне сенген адам қонағына сый-сыяпат көрсетсін…»[1] – дейді.
Осы хадиске орай халқымыз:
Мейманды күтер болсаң Құдай үшін.
Мейман менен ер күткен қанша сауап,
Сауап қылсаң жаныңа өзің үшін,[2] – деп сенген.
Және бір хадисінде Алла Расулы (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм):
«Аллаға және ақырет күніне сенген адам қонағына қонақасын берсін. Қонақасы – бір күн, бір түн қонағыңды күту»[3] – деген. Қазақи салттың өзегі болып қалыптасып кеткен осы «қонақасы» түсінігі бойынша халқымызда әрбір жолаушы адам «құдайы қонақ» деп қабылданып, оның ас-суын беріп, қондырып, мұқтажын өтеуді міндет деп есептеген. Тіпті ертерек уақытта жолаушы қонақасын жемесе сол елдің биіне барып, арыз айтып, кінәлілерден «ат-тон» айып алатын дәстүр болған екен.[4] Осы дәстүрге сәйкес Шортанбай ақын:
Құдайдан қорыққан мұсылман Қонаққа сояр лағын,[5] – дейді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қонақпен еріп келетін құт жайлы: «Жақсылық қонақ күтілген үйге пышақтың түйенің өркешіне жетуінен бұрын жетеді»,[6] – деп баяндаған. Хадисте айтылған жақсылық – Алланың берген нәсібі. Қонақ келсе жалғыз атын сойып берген бабаларымыз осы нәсіптен құр қалмауға қам жасап:
Кісіні көрсең есікке,
Жүгіре шық, кешікпе,
Қарсы алмасаң мейманды
Кесір болар нәсіпке![7]
***
Қонақ келсе үйіңе құрметтеп ал,
Көңілін оның қалдырма, хақтан ұял.
Пәле кетіп, қонақпен рақмет келер,
Ырза қылып әркімнен бата алып қал,[8] – дейді. Пайғамбарымыздың тағылымдарынан нәр алған халқымыз: «Қонақпен еріп құт келеді», – деп, даналық қорытынды жасаған.
[1] Муслим, Иман, 47.
[2] Бабалар сөзі, II, 119-б.
[3] Риядус-салихин, II, 112-б.
[4] Ж.О. Артықбаев, Жеті жарғы, 36-37-б., А., 2003.
[5] Шортанбай, 27-б.
[6] Хадис ансиклопедиси, XVII т., 443-б.
[7] Ай, заман-ай, заман-ай, I т., 74-б.
[8] Ақмолла, Күндер мен түндер, 67-б.
Шәмшат Әділбаева
Elana.kz