Бұған дейін «отбасылық өмір, ерлі-зайыптылар» турасында телеарнада айтқан пікірлеріме, әлеуметтік желіде жазған мақала, ой-түйіндеріме қарсы шығып: «Өзің байға тиіп ал, сосын ақыл айтарсың...» деп атылған келіншектер көп болған. Әрине, сөз бен істің алшақ кетпегені жақсы ғой. Әйткенмен, пендеміз... Соның ішінде – әйелміз! Мұхтар Шаханов ағамыз: «Шын мәніндегі әйел дәрежесіне көтерілу – айтуға ғана оңай, әйтпесе, азапты шаруа...» деп жазбап па еді? «Әйел әртүрлі. Күйеуінің табысын құрап отыратын да, құртып отыратын да әйелдер болады. Күйеулерін әлпештеп отыратын да, төмпештеп отыратын да әйелдер аз емес. Күйеуін қолдап, көркейтіп отыратын да, сыбап, сүмірейтіп отыратын да әйелдер бар...» Әзілхан Нұршайықов ағамыздың күнделігіндегі осы бір жазбасы кез-келген әйел затын ойландырары хақ. Осыдан кейін «Мен қандай әйелмін?», «Азаматымның сұрықсыз күндеріне сән бере алып жүрмін бе?» деген сұрақтарға еріксіз беріледі екенсің. Жақсы әйел, меніңше, ол – байынан таяқ жемейтін әйел. Ал байыңнан таяқ жемеу үшін қарапайым төрт қағиданы ұстанғаның жөн:
►Тәкаппарлықты тізгінде! Карьера қуып жүріп қалған қыздар үшін қиындау, әрине. Өйткені, біз өзіміздікін дәлелдеп, өзіміздің дегенімізді жасап дағдыланып қалғанбыз. Тіпті, бастықтың да кабинетін неше рет тарс жауып, теріс бұрылып кеткенбіз... өз ортаңда сыйлы болу үшін кейбір әріптесті де шегелеп тұрып орнына қоюға мәжбүр боласың. Әйтпесе, «жуас түйе жүндеуге жақсы» деп басыңа шығып алады. Сол ескі әдетке салып күйеуіңмен де бір күні кикілжің туындай қалса, ыршып шығасың. «Қоя сал! Қысқарт!..» – дегенге үнсіз қалудың орнына, міндетті түрде жауап қатасың. Сол кез шегіне салсаң «скандалдан» айналып өтуге болатындығын білесің, бірақ ішіңде бір албасты: «Жеңілме! Берілме! Өз принциптеріңе адал бол!» – деп сыбырлап отырады. Өз принциптеріңе емес, өзіңнің азаматыңның принциптеріне адал болуың керек қой, біз соны мықтап есімізде ұстағанымыз жөн, қыздар! Ақиқаты сол, ашу үстінде тіпті «ақыл» үркіп кетеді біздің қаһарымыздан... «Мен... мен бұрын бүйтуші едім... мен сүйтер едім...» – деп, дес бермейміз. Шын мәнінде, күйеуіңнің алдында кішірейе салсаң – түгің де кетпейді. «Ой, мен байымды тыпыр еткізбеймін...» деп мақтанатын әйелдердің қатарынан болғың келсе, ынжық күйеу таңда! Ал қайратты мінезіне сүйсініп күйеуге шықсаң – тәкаппарлықты тый! Өйткені, азаматың сол сен сүйсінетін мінезінен айрылған күні – сенің де сезімің өшеді. Сондықтан сүйікті адамың биік болып қалсын десең, өзің төмен түс!
►Кешірім сұрауды үйрен! Қандай жағдайда болмасын, сөз таластырғаннан гөрі кешірім сұрай салған дұрыс екен. «Мен тым артық кетіп қалыппын, кешіре қойыңызшы...» деп азаматыңнан бірінші болып кешірім сұрай салсаң, ол – кішігірім жеңіс!!! Өйткені, ішіңдегі сол бір албасты сондайда тағы да өз әуеніне басады: «Сен неге кешірім сұрауың керек? сен емес қой кінәлі?.. өзі кешірім сұрасын...» – деп. Кімнің кінәлі екені маңызды емес, болған жағдай – болды! Ендігі мақсат: ситуацияны басқарып алып кету. Иә, ол –тікелей әйелдің міндеті. Иіле сал, кішірейе сал, некелі жарыңның алдында оның еш әбестігі жоқ. Айналып келгенде, тағы да 1-қағиданы қайталауға тура келеді: Тәкаппарлықты тый!
►Төркінге жалтақтама! Қыз бала – жат жұрттық. Кетті ме, ол енді басқа елдің адамы! Әрине, хат-хабар алмасып тұру керек, тек... ол «безобидный переговорлар» жас отбасында кикілжің туғызбайтындай болса... «Мамам айтты...» деп кетіп қалған жеңгелерді де көрдік... Қазақ «Төркіні жақынның – төсегі жиылмас» деп бекер айтпаған. Мұнда міндетті түрде төркіні іргелес үйде тұрады деген мағына емес, қайын жұртынан гөрі төркініне көп елеңдейтін келіндер туралы айтылған. Әрине, қыз бала өз туыстарына бірден суып кету керек деп айтпайды ешкім. Алайда, төркінмен қарым-қатынастың белгілі бір шекарасы бар. Ел арасында: «Шешесі оңбады... шешесі алып кетті келінді...» дейтін әңгімелер жиі естіледі.Таңсық дүние емес. Осы орайда: «Анаңмен сырласу деген жақсы ғой... » – деп көп қыздардың маған атыла кететінін сезіп отырмын. Иә! Кейде көңілім құлазып тұрғанда, өкпелі отырғанымда не үйді сағынғанымда менің де: «Мама! Мынаны қайтсем екен? Былай істесем дұрыс бола ма?..» – деп телефон соққым кеп тұрады. Ондай мүмкіндік жоқ менде. Шешесі жоқ қыз – казармадағы солдат сияқты болады екен: алдыңда ақылшың-кеңесшің жоқ, бәрін өз басыңнан өткересің; сүрінесің, құлайсың, орныңнан тұрып қайта қозғаласың, ақыры дұрыс бағытты тапқандай боласың... Ақылды шеше дұрыс ақылын айтады ғой. «Жұбыңмен келіп тұрғайсың, жападан-жалғыз оралмай...» дейтін аналар аман болсын!
►Әйел екеніңді естен шығарма! Әйел боп жаратылдың екен – тағдырыңа алғыс айт! Яғни «сен еркектен нәзіктігіңмен, биязылығыңмен, мейірімділігіңмен, сезімталдығыңмен, кешірімділігіңмен, тіпті, оған қарағанда, әлдеқайда әлсіздігіңмен ерекшеленесің. Әрі бұл кемшілігің емес, жетістігің боп есептеледі». Мұхтар Шаханов ағамыз осылай деп жазыпты. Келіспеске болмас! Күліп тұрған күйеуінің көңіл-күйін быт-шыт етіп бұзып, бес минуттан соң қатулы қабағын аша салуға әйелдің қабілеті жетеді. Тек сол бойдағы табиғи қабілеттің тетіктерін дұрыс меңгере алмай абдырап қалып жатамыз. Мәселен, көлікті басқару үшін де жолда жүру ережелерін және темір тұлпардың «газ-тормоз» механизмін мықтап меңгеріп алуың керек қой. Сол сияқты, еркегіңнің қай уақытта еркелегісі кеп, қашан қарны ашатынын, қай сөзіңді жылы қабылдап, қай қалжыңыңды көтере алмай шалқасынан түсе қалатынын – бәрін-бәрін зерттеп, ойға түйіп алып, сосын стратегиялық жоспар құра беруге болады болашаққа. Және: «Әйел мен еркек тең құқылы!» – деп ұрандатпай, керісінше жеңіле салғаның – ұтымды позиция! Әзілхан Нұршайықов ағамыз: «Әйелдің айласы – жығылып жатып жеңіп шығуында ғой» – деген екен. Иә, иә! Тағы да 1-қағиданы еске түсіруге тура келіп тұр. Өйткені, бізді құртатын сол – тәкаппарлық! Көптің алдында әдемі сөйлеу қолымнан келеді, әдемі етіп ойымды да жеткізе аламын. Тек... іс жүзіне келгенде, менің де «идеальный» жар болып отырғаным шамалы. Мойындаймын. Осы мақаланы жазудағы мақсатым көпке ақыл үйрету емес еді. Тек «тұрмыс құрмас бұрын не деп айттым, айтқандарымды жүзеге асыра алдым ба?» деп өз-өзіме есеп беріп отырмын. Расында, ниетіңе қарай Құдай тілеуіңді береді екен. «Ата-енем болса екен...» деуші ем, ол тілегім де орындалды: өзімнен айнымайтын енем бар, екеуміздің «вкусымыз» біп-бірдей! Атам – атаман! Ол кісінің бұйрығынсыз үйде шыбын да ызыңдамайды. Бірде телефон соққанда: «Менің батыр баламның бетінен сүйіп қой», – дейді. «Ой, ата-ау, балаңызды сүйгеннен басқа шаруам жоқ менің» – десем: «Содан асқан дәрежелі іс жоқ, балам! » – дегені бар. Ендеше, қазақ – тәуелсіз, ал қазақтың әйелдері – ерлеріне тәуелді болып, табиғи балансты бұзбай жүре берейікші!
/журналист Маржан Сұлтанбайдың кеңестері/
ummet.kz