«Отан - отбасынан басталады» демекші, жанұя – қоғамның ең маңызды құрылымы. Сондықтан да Ислам діні отбасына көп көңіл бөледі. Исламда неке – екі жанның қасиетті ошағы, сенімділіктің бастауы. Жанұяда ең әуелі сенім мен сыйластық, сезім мен сүйіспеншілік болса, жұбайлар өмірінің шырайы артып, кездеспей қоймайтын тіршіліктің ащысы мен тұщысын, суығы мен ыстығын, қайғысы мен қуанышын бірге бөлісіп, қандай жағдайда болсын, босағасы берік болмақ.
Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресінің 187-аятында: «Олар сендер үшін киім, сендер олар үшін киімсіңдер» - деген. Киім адамды сырт көзден, суық пен желден қорғап, адамның кемшілігін жасырып тұратыны белгілі. Ер мен әйелді Алла Тағала бір-бірін қорғап, кемшіліктерін жасыратын киімге теңеп отыр. Сондай-ақ, «Рум» сүресінің 21-аятында: «Сендерге олардан тыныштық табуларың үшін өздеріңнен жұбайлар жаратып, араларыңда махаббат пен мейірімділік пайда қылғандығы да Оның белгілерінен. Сөз жоқ, осыларда ойланған ел үшін белгілер бар» - дейді. Аяттан байқағанымыздай ер мен әйел бір-бірі үшін жаратылғандықтан, өз теңін тауып, отбасын құрғанда жандары тыныштық тауып, бақытты ғұмырдың алғышарттарына қол жеткізеді.
Қазіргі таңда үйленетін боз балаларымыз көбінесе әйелдің сұлулығы мен дүниесіне қарайды. Бұлардың уақытша екенін аңғара бермейді. Егер ерлі-зайыптылар өмірлерін дүниеге, нәпсіқұмарлыққа негіздеп үйленсе, бір-біріне деген махабаты қу дүниеге ауып, ақыры ажырасып тынуы әбден мүмкін. Сондықтан да, ер кісі өмірлік жан жарын таңдауда аяғын шалыс баспау үшін Пайғамбарымыздың (с.ғ.с): «Бір кісі әйел затына төрт ерекшелігі үшін некеленеді. Дүние-мүлкі, тектілігі, сұлулығы және діндарлығы үшін үйленеді. Сен бұлардан діндар болғанын таңда, үйің берекеттенсін» - [1]– деген насихатына көңіл бөлген абзал. Атамыз Абай да аталмыш хадисті көкейіне түйіп, өлең жолдарына түсіреді:
Жасаулы деп, малды деп байдан алма,
Кедей қызы арзан деп, құмарланба.
Ақылы бар, ары бар, ұяты бар,
Ата-ананың қызынан ғапыл қалма.
Ислам дінінің көзқарасы бойынша неке қиюдағы мақсат тек қана табиғи қажеттіліктерді өтеу ғана емес, сонымен қоса иманды отбасы мен салауатты қоғам құру. Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с) мұсылмандарды үйленіп, отбасы құруға шақырып, бұл істің зинадан сақтап, тақуалыққа апаратынын айтқан. Ал, үйленуге халі жетпейтін жастарға ораза ұстауды насихат еткен. Себебі, бұл амалдар тыйым салынған нәрселерден қайтарады. «Неке – менің сүннетім. Кім менің сүннетім бойынша амал етпесе менен емес. Үйленіңіздер! Себебі, мен басқа үмбеттерге қарағанда сендердің көптіктеріңді мақтан етемін. Кімнің шамасы келсе, дереу үйленсін. Кімнің оған шамасы келмесе, ораза ұстасын. Себебі ораза – құмарлық сезімді басады», [2] – деген.
Мұсылман адамға кез-келген әйел затымен үйленуге болмайды. Шариғат бойынша мұсылман ерге мұсылман немесе кітап иелерінен (яһуди мен христиан) әйелдерге үйленуге рұқсат етілген. Ал, мұсылман әйелдерге кез келген кәпірге үйлену, мейлі ол христиан, атеист, индуист болса да қатаң тыйым салынған. Себебі Ислам бойынша күйеуі әйеліне қамқоршы саналады, әйелі оған бағынуы тиіс, ал иман келтірген әйелдерге басқа діндегі адамның қамқоршы болуы мүмкін емес. Мұндай неке харам саналады.
Үйлену шариғатымызда парыз болмағанымен, егер адамның жыныстық қатынасқа деген құлшынысы себебінен харамға түсу қаупі болса, ол міндетті түрде үйленуі қажет. Шариғат бойынша ер адамға төрт әйелге дейін алуға рұқсат етілген, бірақ оларға әділдік ете алмаса бір әйелмен шектелгені жөн. Үйленер алдында болашақ жұбайлар бір-бірін оңаша емес (шайтанның азғыруынан сақтану үшін үйленбеген ер мен әйелге оңаша қалу — харам), әйел адамның қамқоршысының қарамағында көріп, тақуалығын, Исламды ұстану деңгейін білу керек. Оның үстіне болашақ жұбайы туралы сенуге лайықты адамдардан сұрастыруға болады және бұл өсек саналмайды. Исламда әйел адамды не ер адамды мәжбүрлеп неке қидыртуға болмайды. Екі жақтың келісімі - некенің шарты болып саналады. Неке заңды болу үшін әйел адамның қамқоршысы (уәли — әкесі, атасы, ағасы, көкесі немесе жақын тумалары) келісім беру керек. Уәлидің келісімінсіз қиылған неке заңсыз саналады.
[1]Сахих Бухари - 4802, Муслим - 1466.
[2] Хадис ансиклопедиси, XVII, 187-б.
«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің
Бас имамы Жұманазар Садырханов