19
Сейсенбі,
Наурыз

һижри

Балаңызды кітап оқуға баулитын 8 әдет

Балаңызды кітап оқуға баулитын 8 әдет

Исламдағы отбасы
Жарнама

«Балаңызға өз заманыңыздың емес, ол өмір сүретін заманның білімін беріңіз» деп Хазреті Әли айтпақшы, қай-қайсымыз болсын қоғам талабына сай, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелегіміз келеді. Содан болар заманына лайық білім алсын, қабілеттері ашылсын, жетілсін деп осы күні бүлдіршіндерін жетектеп неше түрлі үйірмелер мен курстардың есігін тоздырып жүрген ата-ана көп.

Десек те, өздігімен ізденіп кітап оқитын жеткіншектерді көп кездестіре бермейміз. Оның есесіне балаларына кітап оқыта алмаймыз деп шағынатын ата-аналар жетіп артылады. Иә, күнімізде бала түгілі, естияр кісіге кітап оқыту оңай емес. Дегенмен кітап оқу өміріміздегі ең бір пайдалы дағды десек қате айтқан болмаспыз.

Олай болса, балаңызды кітап оқуға баулитын мына бір қарапайым ережелерді ескеріп жүріңіз. Мүмкін қадеңізге жарап қалар.

  1. Бауыр еті балаңызға сәби кезінен кітап оқып беруді дағдыға айналдырыңыз. 1-1,5 жасынан бастап оқиғасы қысқа, шағын кітапшаларды оқып берсеңіз, уақыт өте келе көзі үйренген бүлдіршіннің ештеңе түсінбесе де сол кітапшаны ашып, суретіне үңіліп отырғанын байқайсыз. Бұл балаңыз бен кітаптың арасындағы берік байланысқа жол ашатын жақсы әдет. Ересек кісілер көбіне сәбидің ештеңе түсінбейтінін ойлап, 4-5 жасқа келгенге дейін кітап алып бермейді немесе маңызсыз деп ойлап, оқуға ерінеді. Бұл олқылықтың орнын толтыруға асығыңыз.
  2. 2-2,5 жастағы бүлдіршінмен суреті көп кітапты бірге қарап, сурет бойынша оқиға құрастырыңыз. Бастапқыда сіздің көмегіңіз керек болары анық. Ал кейіннен балаңыз суреттер бойынша қиялынан туған түрлі әңгімелермен өзіңізді таң қалдырады.
  3. 3-4 жасқа келгенде көптеген бүлдіршіндер жазу, сызуды ұнатады. Көріп жүрген мультфильмдеріндегі сүйікті кейіпкерлері немесе сүйікті аңдары, ойыншықтары бейнеленген боямақтармен, жануарлардың, табиғаттың дыбыстары жазылған «сөйлейтін» кітаптармен қызығушылығын арттырыңыз. Арасында өзіңіз де еркеңізбен бірге бояп, кітаптардағы суреттерді бірге тамашалап, бірге таңданып, оның жаңа қызықты әлемге енуіне көмектессеңіз, кішкентайыңыз «кітап оқу» дегенді ата-анасымен бірге өткізген қызықты сәттермен, қуанышқа толы тәтті сезімдермен байланыстыратын болады. Ал бұл оның кітаппен достығының одан әрі нығая түсуіне септігін тигізеді.
  4. 5-6 жастағы балаларға түрлі жан-жануардың, құстардың, балықтардың, ерекше табиғат құбылыстарының суреттері бейнеленген қанық түсті суреттермен әсемделген энциклопедияларды, жинақтарды алып беруге болады. Баланың қызығушылығы толы бұл кезеңде ол үшін бұл ақпараттар көптік етпейді. Егер де ойын баласына бұл сарындағы кітаптар тартымсыз болады деп ойласаңыз, динозаврлар туралы энциклопедия алып беріңіз немесе өзі ұнататын көліктер туралы жинақ. Еш тапжылмастан қайта-қайта ашып қараудан бала шаршамайды, тек сіз арасында етегіңізден тартып, түсіндіріп бер дегенде шаршамай, ерінбей, кейінге қалдырмай уақыт бөлсеңіз болғаны.
  5. Ойыншықтарының арасында кітаптардың болуына мән беріңіз.
  6. Ата-анасының күнде бір мезгіл кітап оқуы. Бұл әдеттің қаншалықты маңызды әрі әсерлі екені айтпаса да түсінікті шығар. «Балапан ұяда не көрсе ұшқанда соны іледі» демекші, біз баламызға қанша жерден ақыл айтқанымызбен ол бәрібір көргенін қайталайды.
  7. Қызықты кітаптар мен оқиғалар желісін ас үстінде баяндап айту. Қызықтырған кітабыңызды әкеліп беру.
  8. Кітап дүкендеріне, кітапханаларға бірге бару.

Қандай болмасын мәдениеттің қайнар көзі білім екенін ескерсек, «жетпіс өнер де аздық» ететін қоғамда өмір сүретін өрімдей жастарымыздың бойына «кітап оқу» дағдысын сіңіру арқылы өздігімен ізденуге, үнемі жетілуге деген талпынысын оятқан болар едік.

Индира Жұмабекқызы

Бөлісу: