26
Жұма,
Сәуір

һижри

Құрбан айттың басқа мейрамдардан өзгешелігі

Құрбан айттың басқа мейрамдардан өзгешелігі

Құрбан Айт
Жарнама

Қазақта көптеген мейрамдар бар. Сегіз ұлым бір төбе, Ер Төстігім бір төбе дегендей Құрбан айттың басқа мейрамдардан өзгешелігі ол тікелей Алла Тағаланың бастауымен адамға нығмет ретінде берілгендігінде. Құрбан айт – қазақтың қанына сіңіп, сүтімен баланың бойына дарып келе жатқан негізгі алтын қазынасының бірі.

Құрбан айтында атам қазақ Ұлы Жаратушы үшін мал сойып құрбан шалған. Бұл айт – үш күнге созылатын діни мереке. Шамасы қазақта «үш тоғыз», «үш күндік пәни ғұмыр» деген, үштік ұғымдар осыдан қалса керек. Құрбан арабша «жақындау» термин ретінде «Аллаға жақындауға арқау нәрсе», деген мағынаны білдіреді. Айт сөзі де «мейрам», деген мағынаны білдіретін араб тілінен енген сөз. Сондықтан осы үш күнде бір-бірлеріңе айттап барып «айттарыңыз құтты болсын», үй иесі де «айтсын, бірге болсын» деген. Бұл үш күн ішінде қазақтың дастарханы жиылмай ашық тұратын болған. Бауырсақ, шелпек пісіріліп, қымыз-қымырандар мол сапырылған. Бір-бірінің үйі мен көрші ауылдарға айттап бару арқылы арасындағы кикілжің мен араздықтардан айығып отырған. Ауқатты қазақ қошқар, атан сойып етіне кедей-кепшік қарық болса, ет пен қымызға тойған балалар қарнын сүтке тойған қозыдай бүлкілдетіп бір шетте сойылған қой мен қошқардың асығын иіріп мәзмейрам болып жатқан. Иә, бұл атам қазақтың бір-бірін бай-кедей, деп, алаламаған ең бақытты күндерінің бірі еді. Құрбан айты Пайғамбарымыз Мәдинаға көшкеннен кейін екінші жылында басталған. Сол жылы алғаш рет Пайғамбарымыз екі ракат айт намазын жамағатпен бірге оқыған. Сонымен қатар, құрбан Хазіреті Ибраһимнен сүннеті болатын. Алла пайғамбары Ибраһимге өзі үшін ұлыңды құрбан ет, деп, бұйырады. Ол сонда Ұлы Жаратушының бұйрығын екі етпей ұлын құрбан шалар кезінде Алла тоқтатып, орнына бір қошқар береді. Осылайша Ибраһим пайғамбар Ұлы Жаратушыға деген сенімін дәлелдеп көрсетеді. Иә, Ибраһим пайғамбар аса шыншыл да сенімді әрі қолы кең өте жомарт жан болатын. Ол өз заманында аса бай адам болған. Негізігі байлығы малы болатын. Қой, түйе, сиырларының көп болғаны соншалық – санын ешкім білмейді десем артық болмас. Ол тамағын қонақсыз іше алмайтын. Қонағы болмаса, далаға шығып, кездескен жолаушы жандарды шақырып, бірге тамақ ішетін еді. Яғни, қонақсыз оған ас батпайтын.

Бірде оған Алланың арнайы жіберген періштелері адам бейнесіне еніп, оның үйіне қонаққа келеді. Қонақтардың сәлемін алып төрге жайғастырды да дереу бұзау сойып асып алдарына қойып «дәмнен алыңыздар»,- дейді. Дастарханға қол созбаған періштелерді көріп, ол қорқа бастайды. Сол кезде қонақтар өздерінің періштелер екенін айтады. Міне, Ибраһим пайғамбар тамақ ішпейтін періштелерді де мал сойып күткен өте жомарт адам. Бір қызығы ол қонақтар неге тамақ жемейді, деп, қорқып уайымдайды. Тұп-тура тамағын тауыспаған қонағына қарап абыржыған жомарт қазақ секілді. Міне сондықтан да мен көбінесе осы Ибраһим атамызға қараған кезде атам қазақ ойыма келеді. Неткен мінездері бір-біріне ұқсас. Иә, бұл – момын-мұсылманның дархан мінезі. Құранда «Ибраһим яһуди (еврей) де, христиан да емес. Ол нағыз мұсылман» дейді. Бәлкім Абайдың атын да әу баста шыр етіп дүниеге келгенде сол бір дархан да жомарт атасына ұқсасын деп, ата-анасы Ибраһим, қойған шығар. Құрбан шалудың қоғамда аса маңызды орны бар. Әуелі Ұлы Жаратушының бұйрығын орындауда оған деген терең мойынсұну бар.

Екіншіден, Алла Тағала әлемді адам үшін жаратқан. Маңдай астындағы көз, аспан денелері, ұшқан құс, жүзген кеме, бәрі де адамға қызмет етеді. Міне, адам баласы Алла үшін құрбан шалу арқылы осынау қазына-байлықтың бәрі де Оныкі екенін ісімен дәлелдеп ниет білдіреді.

Үшіншіден, Исламда екі айт бар. Бірі рамазан, бірі құрбан айты. Міне осы үлкен айт саналған үш күндік құрбан айтында ауқатты жанның құрбан шалып жағдайы мәз болмағандарға тарату арқылы қоғамда адамдық болмыс пен өзара жәрдемдесу рухын еске түсіріп қайта оятады. Болмаса, Ұлы Жаратушы адамның құрбанына мұқтаж емес. Алла ешкімге мұқтаж емес. Бұл жерде тек ниет қана. Сол себепті атам қазақ діннің жолы бойынша ақсақ, соқыр т.б. секілді мүшесі нұқсан мал шалмаған. Атам қазақ құрбанға қой, ешкі, қошқар, түйе, сиыр сойған. Ұсақ малды жеке адам шалса, ірі қараны жеті адамға дейін бірігіп, шалып отырған. Жылқы Имам Ағзам жолы бойынша соғыс құралы саналып құрбаннан саналмаған. Негізінде, құрбанның үштен бірі от басына, үште бірі бай болса да туысы мен достарына, үштен бірі жоқ-жітікке таратылуы абзал. Қазақ жалпы осының бәрінің басын қосу арқылы өз үйінде әзірлеп берген. Осы дәстүр түрі қазір де кең тараған. Бұл – достық пен кеңпейілділіктің белгісі.

Иә, қазақ әрқашан да Исламның рухы секілді кеңпейіл дархан ғой, шіркін. Қараймын, таңырқаймын да тұрамын. Өйткені, мен кітаптарда жазылған Ислам рухынан ылғи да қазағымның бейнесінен оқимын. Кеңес зұлматы қолынан Құранын алса да, жүрегіндегі иманын алуға күші жетпепті. Ол – қазақтың көркем де кішіпейіл мінезі.

материал «Иман мен дәстүр хикметтері» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: