21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

Құрбандық шалу кімдерге уәжіп?

Құрбандық шалу кімдерге уәжіп?

Құрбан Айт
Жарнама

Төмендегідей төрт шартқа ие жандарға құрбан шалу уәжіп:

1. Мұсылман болуы;
2. Ақылды және балиғат жасына толуы;
3. Құрбан айт уақытында жолаушы болмауы;
4. Негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болуы;

Нисап мөлшері – 85 грамм алтын яки соның құнына тең келетін ақша. Зекет ғибадаты сияқты құрбанның уәжіп болуы үшін нисап мөлшеріне жеткен малға бір жыл толу шарт емес. Құрбан шалған уақытта міндетті түрде ниет ету керек. Өйткені, малды ғибадат үшін соятыны секілді, тек қана еті үшін де союға болады. Мұндай байлық мөлшері қолында жоқ адамдарға құрбандық шалу міндет болмағанмен жағдайы келсе құрбандық шалуына рұқсат.

Ибраһим мен баласы Исмайлдың құрбандық оқиғасы

Ибраһим (а.с.) пайғамбар өзінен кейін халықты тура жолға бастайтын ізгі ұрпақ сұрап, көп жыл бойы Аллаһ Тағалаға жалбарынған-ды. Бұл тілегі әбден қартайып, ұрпақ сүюден үміті үзілген қарттық шағында қабыл болмасы бар ма?! Зарыға күткен перзенті сондай тәтті, қылықтары да тым сүйкімді. Өзіне қолғабыс етуге жарап, қуанышы мен көзайымына айналған кез еді. Күндердің бірінде Ибраһим пайғамбар түсінде баласын құрбандыққа шалғалы жатқандығын көрді.
Өз бауыр етің балаңды өз қолыңмен өлімге қайтіп қиярсың?! Мына түстің мұншалықты мысымды басқаны несі?! Белгінің Жаратушыдан келгеніне көз жеткізген Ибраһим пайғамбар бұл белгіні орындауға бекемденді. Не де болса нар тәуекел! Алланың берген жаны Аллаға аманат.

Баласына мейірлене көз тастады. Көңілі толқып, жүрегі елжіреп қоя берді. Әттең-ай, бала деген мұншалықты ыстық болар ма?! Жоқ! Шайтанның азғыруына көнбеген жөн. Ұлы Жаратушы әмірі қайткенде де сөзсіз орындалуы тиіс. Көңілін көптен қобалжытқан жайды баласына ретін тауып айтпақшы болып оқталғаны сол еді, тұтығып, тілі күрмеле берді. Ақыр соңында тәуекелге бел буды. «Балам, түсімде Аллаһтың әмірімен сені құрбандық шалуға ниеттеніп, бауыздайын деп жатыр екем. Бұған не дерсің?» – дейді. Баласы әкесінің ойын түсінді. Жүзіне тесіле қараған күйі: «Әкетай, еш тартынба! Хақ Тағаланың бұйрығын не болса да орында. Мен де сабырлылық, шыдамдылық танытармын. Тәуекел ет», – деді қасқая.

Әке мен бала бұйрықтың басқадан емес, Ұлы Жаратушыдан келгенін жете ұғына білді. Сол үшін де қыңқ деместен, кессең мойным міне деп пышаққа түсті. Әттең, қанша қайралса да пышақ өтпей қор қылды. Сонда да жалтармады. Алланың әміріне толықтай мойынсұнды. Соңында сын-сынақтан да сүрінбей өтті-ау. Алланың өзі аян білдірді: «Әй, Ибраһим! Сен көрген түсіңе адалдық таныттың. Міндетіңді орындадың. Исмайылдың орнына құрбандық ретінде шаларсың деп қошқар түсірдім. Біз жақсы құлдарды осылайша марапаттаймыз!»
Иә, Алла Тағала сынағаны болмаса Исмайылды құрбандыққа шалуды қаламады. Ол тек Ибраһим пайғамбардың өзіне адалдығына, әмірін қалтқысыз орындауына тәнті болуды қалады. Нағыз тәуекел ете білудің үлгісін паш етті. Әйтпесе, Алла Тағалаға сойған малдардың еті мен жүні де қажет емес екені белгілі. Алла Тағалаға құлының ақ-адал ниеті мен кең пейілі-ақ жеткілікті. Иә, солай. Қартайып көрген қызығы, жалғыз тұяғы, асылдың сынығы, Исмайыл үшін Ибраһим (а.с) нені де болса құрбан етуге бар еді. Өйткені, оны өте қатты жақсы көретін. Ал Аллаға деген махаббат балаға деген махаббаттан әлдеқайда басым болуы керек еді. Алла соны ұқтырды. Ибраһим (а.с.) осы ісімен Алла жолында, Алланың үкімін орындауда басқа дүниелік ештеңенің оның орнын баса алмайтындығын көрсетті. Бұл сынақтардың ең ауыры еді. Бірақ ең мағыналысы да.

Ибраһим пайғамбардың кезінде құрбан шалу қажылықтың бір шарты ретінде сүннетке айналып, соңғы елші хазірет Мұхаммедке де (с.ғ.с) жетті. Осы кезден бастап құрбан шалу қажылықтың бір рәсімі ғана емес, бүкіл мұсылман жұртшылығына ортақ құлшылық түріне айналды.
Мекке кезеңінде түскен «Кәусар» сүресінде «Расында біз саған Кәусарды бердік. Ендеше, сен де (осы жақсылыққа шүкіршілік ретінде) Раббың үшін намаз оқы және құрбан шал» деген бұйрық бар. Осы бойынша дұха (сәске) намазын оқу және құрбан шалу әуелі Пайғамбарымыздың (с.а.с.) жеке өзіне парыз етілген болатын.

Хазірет Ибраһимнен (а.с.) бері келе жатқан қажылықта орындалатын құрбан (һәди) шалу Алла елшісі (с.ғ.с) Мәдинаға қоныс аударғаннан кейін, хижраның екінші жылы қажылықтан тыс мұсылмандарға да (удхия құрбаны) міндеттелді. Осы күндері айт намазын оқу және құрбан шалу уәжіп ретінде бекітілді.

Пайғамбарымыз (с.а.с.) Мәдинаға қоныс аударып келгенде, жергілікті халықтың бұрыннан келе жатқан екі мерекесі бар еді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) ол мерекелердің мәнін сұрады. Сонда олар бұрынғы жәһилия кезінен бері осы күндеріде мерекелеп, көңіл көтеретіндіктерін айтты. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Алла Тағала осы екі мерекенің орнына одан да артық екі мейрам сыйлады, олар: құрбан айт пен ораза айты», – деп ендігі жерде мұсылмандардың мерекесі осы екі күн екендігін ұқтырды.
Кезінде Ибраһим (а.с.) пайғамбар сүйікті ұлы құрбандықтан аман қалғанда қуанып, осы күні мерекелеп, өзіне түсірілген қошқарды құрбандыққа шалғандығын жоғарыда атап өттік. Ал, адамзаттың ардақтысы Мұхаммедке (с.ғ.с) еркек кіндіктінің орнына «Кәусар» берілгендігі әрі сол үшін шүкір ретінде намаз оқып, құрбандық шалу арқылы осы күнді атап өту керектігі аят арқылы білдірілген. Яғни, Ибраһим пайғамбарға өзінен тарайтын екі ұрпақ берілсе, Алла елшісіне (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) иман жолы арқылы шынайы ұрпағы, яғни үмбеті сый ретінде берілді. Кәусардың мағынасы «үмбеттің көптігі» дегенге саятындықтан, бұл жоғарыда айтылған сөзге нақты дәлел бола алады. Ұрпағын жалғастыратын Пайғамбарымыздың (с.а.с.) өз ұлдары шетінеп кете бергенімен, миллиардтаған үмбетінің өзі оған шынайы ұрпақ болды.

материал ««Құрбан айт – құтты мереке» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: