23
Сейсенбі,
Сәуір

һижри

Құрбандық шалудың пайдалары мен хикметтері

Құрбандық шалудың пайдалары мен хикметтері

Құрбан Айт
Жарнама

а) Алла Тағаланың әмірлерін қалтқысыз орындау пендені Жаратушының ризашылығына бөлеп, ақыретте сый-сыяпатқа кенелтеді. Құрбан шалу да – Алла Тағаланың арнайы бұйрығы.

Сол себепті бұл бұйрықты шын ықыласпен атқарушы Раббысының ризашылығын алып, ақыретте жүзі жарқын болады, мол сауап иеленеді. Пайғамбарымыз хадисінде бұл ақиқатты былай деп түсіндіреді: «Адам баласы құрбан айт күні (құрбан шалып) қан ағызудан да абзал басқа іспен Алла Тағалаға жақындаған емес. Қаны ағызылған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай жатып, Алла Тағаланың құзырында үлкен мақамға жетеді. Сондықтан құрбандарыңды көңіл ризашылығымен шалыңдар».

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) басқа хадистерінде Алла ризашылығы үшін шалынған құрбанның әрбір қылшығы үшін сауап бар екенін былай деп сүйіншілеген: «Сахабалар Расулімізге (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм):

– Уа, Алланың Елшісі, құрбандық деген не? – деп сұрақ қойды.

– Құрбандық – сендердің Ибраһим (а.с.) бабаларыңның сүннеті, – деді.

– Одан бізге қандай сауап бар?

– Әрбір тал қылшығы үшін сауап аласыңдар.

– Қойдың жүнінен ше?

– Қойдың жүнінің әрбір тал қылшығына да сауап жазылады».

Аллаһ разылығы үшін риясыз көңілмен сойылған құрбандық мал ақыретте қылдай жіңішке, қылыштай өткір қылкөпірден өтерде иесіне көп көмектеседі. Пайғамбарымыз бұл жайында өз хадисінде былай дейді: «Құрбандыққа малдың ең жақсысын, көзге жұғымдысын таңдаңдар, өйткені ол – Қылкөпірден өтердегі өз көліктерің».

Шындығында, Алла Тағала біздің шалған құрбандарымыздың ағызылған қанына немесе етіне мұқтаж емес. Біздің шалған құрбандарымыздың еті немесе қаны Алла Тағаланың құзырына жетпейді. Бірақ біздің оның әмірін ләббайк деп құлдық ұрып орындауымыздағы ықылас-ниетіміздің Алла Тағалаға жетіп, ризашылығына себеп болары сөзсіз. Бұл шындықты Құран Кәрім былай деп баяндайды: «Олардың (құрбан малдарының) еттері де, қандары да Алла Тағалаға жетпейді. Бірақ Оған сендердің тақуалықтарың ғана жетеді» (Хаж сүресі, 37).

ә) Құрбан шалу – Ибраһим пайғамбарымыздан (а.с.) жалғасып келе жатқан сүннет. Иә, Ибраһим пайғамбарымыз (а.с.) Алла Тағаланың әміріне мойынсұнып, бауыр еті баласы Исмайылды Ұлы Жаратушысының жолында пида ете алатындығын паш ету арқылы, қиын сыннан өткен еді. Міне, құрбан шалу сол бір ғибратты оқиғаның ұмытылмас көрінісі.

б) Адам баласы құрбан айтта құрбан шалу арқылы Ұлы Жаратушысының өзіне берген сансыз нығметтерінің шүкірін өтеп, күнәларына кешірім тілейді.

в) Табиғатында өзімшілдік, сараңдық, дүниеқоңыздық секілді жағымсыз қасиеттері бар адам нәпсісі құрбан айтта тек қана Алла Тағаланың ризашылығын ойлайды. Бір малын қиып, кедей және мұқтаж бауырларына жәрдем беру арқылы жаман қылықтарын бауырмалдық, жомарттық, кішіпейілдік секілді жақсы қасиеттермен алмастырады.

г) Дүние жүзінде жыл сайын миллиондаған мал сойылып жатады. Бірақ сол сойылған малдың еттері кедей-кепшіктердің бәріне жете бермейді. Міне, құрбан айтта осы кедей, мұқтаж жандардың жағдайы ойластырылады. Ең болмаса бір тойындырып, олардың жүзіне шаттық сыйлайды. Әр күні кіжінумен өткен көңілі сынық кедей байғұсқа мұсылмандық жанашырлық танытып, қол ұшын беру қандай ғанибет!

материал ««Құрбан айт – құтты мереке» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: