22
Жұма,
Қараша

һижри

Айт күндері жасалатын амал: Мұсылмандардың бір-бірін құттықтауы

Айт күндері жасалатын амал: Мұсылмандардың бір-бірін құттықтауы

Құрбан Айт
Жарнама

Намаз біткен соң мұсылмандар қол алысып, төс қағысып, бір-бірін Айт мерекесімен құттықтайды, жақсы тілектерін айтады. Ренжісіп қалған ағайын-туыс, жора-жолдас бір-бірінен кешірім сұрап жарасады.

Ал әйелдер қауымы үйде қазан асып, дастарқан жайып, айттық шай әзірлейді. Көрші-қолаң бір-бірінің үйіне кіріп дәм ауыз тиеді, шаңырақ иесіне аман-саулық тілеп, айтпен құттықтайды. Хадисте келгендей, айт күні пайғамбарымыз (с.а.у) адамдарға былай деп айтқан:

«Ей, адамдар, бұл күні сәлем жайыңдар, тамақтандырыңдар, туыстық қатынасты күшейтіңдер және адамдар ұйқыда болған кезде намаз оқыңдар, еш алаңсыз жәннатқа кіресіңдер»[1] деген. Сол секілді өзі жақсы көрген бауырын айт күні зиярат етуі мұсылман адамды үлкен сауапқа кенелтеді. Пайғамбарамыздың хадисінде: «Бірде-бір адам айт күні көрші ауылдағы досын зиярат етуге жолға шығады. Жолда оған Алла періште жіберіп, ол адамнан: «Қайда бара жатырсың», деп сұрайды. Ол: «Бұл ауылда бір бауырым бар еді, соған бет алдым». Періште: «Бір шаруаң бар ма еді ол адамда». Ол: «Жоқ, мен оны Алла разылығы үшін жақсы көрем сол үшін» дейді. Сол кезде періште: «Алла мені саған жіберді, сен ол адамды жақсы көргенің үшін Алла да сені жақсы көрді» [2]дейді.

Әсіресе, осы мереке күні ата-анаға деген мейірімділік оларға сый-сияпаттар жасау игі амалдардан.

Ораза күні қайыр жақсы амалдар күні болғандықтан жетім-жесірлер, кедей-кепшіктер жомарт, рақымды жандардан мейірім лебін сезгісі келетіні анық. Осы күндері төмендегі адамдарға жақсылық жасаған абзал:

Жесір әйелдер мен міскіндерге көмектесу, үйлерін қуанышқа бөлеу. Пайғамбарымыздың  (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Әбу Һурайрадан келген хадисінде: «Жесір әйелдер мен міскіндерге жәрдем еткен адам Алла жолында жиһад жасаған адаммен бірдей», деген[3].

Жетімдерге көмектесу. Алла тағала Құран кәрімде:

Алла (Т.) ға құлшылық қылыңдар. Оған еш нәрсені ортақ қоспаңдар. Және әке-шешеге, жақындарға, жетімдерге, міскіндерге, жақын көршіге, бөгде көршіге, жан жолдасқа, жолда қалғандарға және қол астындағыларға жақсылық қылыңдар.[4]

- Айт – басқаларға кешірім жасайтын күн. Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Абдолла ибн Амрудан (Алла одан разы болсын) келген хадісінде Алла елшісінен адамдардың ең жақсысы кім? деп сұрады. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) : «Әрбір жүрегі пәк, тілі шыншыл адам» деді. Сахаба: «Тілі шыншыл деген түсінікті, жүрегі пәк дегенді қалай түсінеміз» деді. Пайғамбарымыз (с.а.у): «Жүрегі пәк дегеніміз – тақуа, таза, ыза және көре алмаушылықтан ада адам»[5] деді.

Қорыта келе  Айт мерекесінің басқа мерекелерден ерекшелігі – қуаныш шаттықпен бірге Аллаға деген құлышылықтың қатар жүруінде, суып бара жатқан туыстық қатынастардың қайта жандануы, ашу, ыза кернеген жүректердің жібіп, Алланың рақымын талап етуі, өмірді қайта саралауға мүмкіншілік алу, өмірдің мәнін түсініп, Аллаға деген құлшылын күшейту. «Отыз күн оразаның бір айты бар, әр қылған жақсылықтың бір қайты бар» деп атамыз қазақ айтқан, осындай ұлы күндерімізді ұлықтайық, шынайы мұсылман болайық!

 

[1] Ибн Мәжә, Тирмизи хадистер жинағы

[2] Муслим хадистер жинағы

[3] Бұхари, Муслим хадистер жинағы

[4] Нисә сүресі, 36-аят

[5] Ибн Мәжә хадистер жинағы

материал «Құрбан айт – құтты мереке» кітабынан алынды, 

ummet.kz


Бөлісу: