19
Бейсенбі,
Қыркүйек

һижри

Құрбан шалу – Аллаға деген махаббатыңды дәлелдейтін амал

Құрбан шалу – Аллаға деген махаббатыңды дәлелдейтін амал

Құрбан Айт
Жарнама

Ибраһим пайғамбардан (оған Алланың сәлемі болсын) Алла Тағала қандай қасиетің үшін сені дос тұтты деп сұрағанда ол: «Үш қасиетім арқылы:

  1. Алланың ісін барлық істерден жоғары қойғаным;
  2. Алла Тағала жүктеген нәрселерге ден қойғаным;
  3. Түскі асымды да, кешкі асымды да тек қонақпен бірге ішкенім арқылы» деп жауап берген екен.

Құрбан шалу – Аллаға деген махаббатыңды дәлелдейтін амал. Ендеше, Аллаға деген адалдығыңды Құрбан айтта айқында. Өйткені, мұсылман баласы өзі жақсы көрген нәрсені Алла жолында жұмсамайынша игілікке қол жеткізе алмайды. Мына өмірде әр адам өзінің жақсы көрген нәрсесімен сыналады. Алайда мұсылман үшін Алланың разылығы барлық нәрседен жоғары тұрады. Алла Тағала Құранда: «Сүйген нәрселеріңді (Алла жолында) жұмсамайынша (садақа бермейінше), тақуалыққа (жақсылыққа) қол жеткізе алмайсыңдар. Не жұмсасаңдар да, Алла оны сөзсіз біліп тұрады» («Әли-Ғимран» сүресі, 92-аят) дейді.

Құрбан айтта құрбан шалу, садақа беру, мұсылманның жүрегіне қуаныш сыйлау – ізгі амалдардың бірі. Осыған байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Құрбан айтқа байланысты халыққа жолдаған үндеуінде: «Айт күндері халық тарапынан мал сатып алуға деген сұраныстың арта түсетіні белгілі. Осы ретте еліміздегі барша шаруа қожалықтарының қожайындарын ұлық мейрам – Құрбан айттың құрметіне мал құнын шарықтатпай, халыққа оңтайлы бағаны ұсынуға шақырамын. Сонымен қатар, барша кәсіпкерлерді тұрғындар күнде тұтынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына мүмкіндігінше жеңілдік жасауға үндеймін.

Құрбан айттың негізгі мәні мұсылмандар арасында өзара мейірімділік, жомарттық, қайырымдылық, қанағат сынды адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру. Алланың рақым нұры төгілетін құрбан айтта жұртымызға жақсылық жасап, көпшіліктің ризашылығына бөленейік» деп атап өткен болатын.

Расында, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадистерінің бірінде: «...Кімде-кім мұсылман бауырының қажетіне жараса, Алла Тағала да оның қажетін өтейді...» деген. Құрбан айтта ниетімізді түзеп, мұсылман бауырларымыздың жүрегіне қуаныш ұялату мақсатында Алла разылығы үшін азғантай болсын ізгі амал жасасақ, ықыласымыз үшін мол сауап жазылмақ.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Кішкентай жақсы іс сендерді амал етуден тыймасын» делінген. Осы хадиске түсіндірме берген Айша анамыз (оған Алла разы болсын) былай деген екен: «Ешбір садақаны азсынбаңдар. Өйткені дәннің қабыршағындай берілген садақа – қиямет күні таулар сияқты сауаппен тартылады».

Алла үшін берілген садақа ешқашан кемімейді. Керісінше, мұсылманның мүлкі мен дүниесінің берекесі артады. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қасиетті хадис шарифінде: «Садақа мал-дүниені ешқашан кемітпейді. Пенде садақа беру үшін қолын созғанда ол садақа сұраушының қолына жетпестен бұрын Аллаға берілгендей болады» деген.

Шын ниетпен берілген садақаның пайдасы адамның өзіне еселеп қайтады. Бұл туралы Құранда былай делінген: «Алла жолында мал-мүлкін садақа еткендер жеті дана бас шығарған, әрбір басында жүзден дәні бар дақылға ұқсайды. Алла қалаған пендесіне еселеп сауап береді. Алла дархан, бәрін білуші» («Бақара» сүресі, 261-аят). Тағы бір аятта: «Бір жақсылық істеген адам он есе сауапқа ие болады» («Әнғам» сүресі, 160-аят) делінген.

материал «Құрбан айт – құтты мереке» кітабынан алынды, 

ummet.kz


Бөлісу: