Құрбан айтта не істеуге болмайды?
Қасиетті мерекеде ішімдік ішуге әсте болмайды. Кейбір адамдар «мерекені тойлау керек» деп осы күндері ішімдік ішіп, шөлмек соғыстырып жатады. Алла Тағала Құранда: «Әй, мүміндер! Ішімдік, құмар, тігілген тастар (пұттар) және бал ашатын оқтар шайтанның жиіркенішті істерінен. Одан сақтаныңдар, құтыларсыңдар», («Мәида» сүресі, 90-аят) – деп ескертеді.
Сондықтан, ішімдік атаулыға Құрбан айттан басқа күндері де мүлдем жуымаған жөн. «Олар сенен iшкiлiк пен құмар ойнаудың үкiмiн сұрайды. Сен: «Оларда үлкен күнә және адамдарға пайда да бар, алайда оның күнәсi пайдасынан тым зор», – деп айт» («Бақара» сүресі, 219-аят).
Осы аят түскеннен кейiн, мұсылмандардың көпшілігі iшкiлiктi тастады. Алла елшісі (с.а.у.) «Алла Тағала арақты iшкенді, сатқанды, сатып алғанды, дайындағанды, дайындауға тапсырыс бергенді, тасымалдаушыны лағынеттедi!» – деп, ішімдіктің түрлі күнәнің бастауы екендігін баяндайды. Иман болған жерде ішімдік, ішімдік болған жерде иман болмайтынын есте сақтайық...
материал «Құрбандық пәтуалары» кітабынан алынды,
ummet.kz