14
Сенбі,
Маусым

һижри

Құрбан айттың рухани және қоғамдық пайдалары

Құрбан айттың рухани және қоғамдық пайдалары

Құрбан Айт
Жарнама

Құрбан айт барша мұсылман жұртышылығына ортақ мереке. Оның мынадай рухани және қоғамдық пайдалары бар:

Бірінші: Құрбандық шалу арқылы пенде Жаратушысына жақындайды

«Құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындау» мағынасын білдіреді. Бұл мереке құрбандық шалып, Алла Тағаланың бұйрығын орындау арқылы Алланың рақым-мейіріміне қол жеткізудің бір жолы деп түсінген абзал. Сол себепті бұл бұйрықты шынайы ықыласпен орындауды көздеуі керек.

Алла Тағала ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Расында менің намазым, құрбандығым, тіршілігім және өлімім бүкіл Әлемнің Раббысы – Алла үшін! Оның серігі жоқ. Осылай бұйырылдым және мен мұсылмандардың алғашқысымын!  деп айт», – деп бұйырған.

Жаратушы Жаппар Иемізге шалынған құрбандықтың етінің де, қанының да еш қажеті жоқ. Бірақ бұл шариғи амалды орындау арқылы пенденің Жаратушысына деген махаббаты, Оның бұйрықтарына бағынуы көрініс табады. Алла Тағала Қасиетті Құранның «Хаж» сүресі, 37-аятында мүминдерге: «Аллаға құрбанның еттері, қандары әсте жетпейді. Бірақ сендердің тақуалықтарың жетеді», – деп ескерткен.

Міне, осылайша шынайы ықылас, кемел тақуалықпен шалынған құрбандық пендені Жаратушысының разылығына, мол сауапқа кенелтеді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адам баласы құрбан айт күні (құрбан шалып) қан ағызудан да абзал басқа іспен Алла Тағалаға жақындаған емес. Қаны ағызылған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай жатып, Алла Тағаланың құзырында үлкен мақамға жетеді. Сондықтан құрбандарыңды көңіл ризашылығымен шалыңдар», – деген.

Екінші: Құрбандық шалу адам нәпсісін тазартады

Дініміздің бұйрықтарын орындау пендені сауапқа кенелтумен қатар, оның жеке басының тәрбиесіне де әсері мол. Адам малдарының ішінде ең жақсысын Алланың жолында құрбандық етіп, оны мұқтаждарға тарату арқылы өзіне уәжіп болған істі орындап, бойындағы сараңдық атаулыдан арылып, өзге мұсылманның қуануына себепші болады.

Алла Тағала қасиетті Құранның «Тәубе» сүресі, 103-ші аятта: «Олардың дүние-мүлкінен (малдары көбейіп, берекет табуы үшін) зекет, садақа ал. Сол арқылы тазартып, күнәларынан арылт», – деп айтқан.

Сондықтан да құрбандық етін тарату әуелі оны алушыға емес, үлестіріп берушіге пайда келтіреді.

Қисса

Бірде ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) отбасы қой сойып, оның етін садақа ретінде таратады. Сол кезде Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қойдың қанша бөлігі қалды?» – деп сұрағанда, Айша анамыз (Алла оған разы болсын): «Қойдың бір қолынан басқа ештеңе қалмады», – деп жауап береді. Сонда ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қойдың бір қолынан басқасының бәрі бізге қалды», – деп айтсайшы деген сөзін арнаған. Осылайша берілген садақаның зая кетпей, керісінше өздеріне сауап болып жазылатындығын өсиет еткен. 

Сондықтан құрбандық шалуды ниет еткен адам Алланың жолында малдырының ішіндегі ең сүйіктісін құрбандыққа шалғаны дұрыс. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 267-ші аятта: «Уа, иман келтіргендер! Тапқандарыңның және Біз сендерге жерден шығарып бергеніміздің жақсыларынан (садақа етіп) жұмсаңдар. Әрі көздеріңді жұмып тұрып болмаса, өздерің де алмайтын нашар нәрсені жұмсауға талпынбаңдар. Алланың аса Бай, өте Мақтаулы екенін біліңдер», – деп айтқан.

Малының ішіндегі ең жақсысын құрбандыққа шалу арқылы пенде Жаратушының бұйрығының жүрегіндегі дүниелік істерден жоғары тұратындығын дәлелдейді.

Үшінші: Құрбандық етін садақа ету арқылы адамдар арасында сүйіспеншілік орнайды

Қасиетті Құрбан айт күні мұсылмандар таң сәріден тұрып, ең жақсы киімдерін киіп, мешітке жиналып, жамағатпен айт намазын оқиды. Намаздан кейін бір-бірін ұлық мерекемен құттықтап, құрбандық малдарын сойып, жақындары мен мұқтаж жандарға таратып, олардың көңіліне қуаныш сыйлайды. Алла Тағала қасиетті Құранның «Хаж» сүресі, 28-аятда: «Құрбанның етінен өздерің жеңдер әрі міскіндер мен кедейлерге жегізіңдер», – деп айтқан.

Бұдан түсінетініміз қасиетті құрбан айт пендені Жаратушысына жақындатып, мұсылмандардың өзара бірлігіне, олардың арасында сүйіспеншіліктің орнауына ықпал ететін мереке. Сондай-ақ құрбандық шалып, оны тарату арқылы пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Зәрият» сүресінің 19-аятында: «Олардың малдарында қайыр сұраушының және (сұрауға намысы жібермеген) жарлының да ақысы бар», – делінген.

Жалпы құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату – мұстахап. Бір бөлігі – туған-туыс, көршілеріне бай болса да сыйға тартылады, екінші бөлігі – кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі – өзінің отбасына, бала-шағасына беріледі.

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шалған құрбан малының етін қалай таратқандығы турасында Ибн Аббас (Алла оған разы болсын) былай дейді: «Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шалған құрбандығының үштен бірін – отбасына, үштен бірін – кедей көршілеріне, қалған үштен бірін садақа ретінде тарататын», – деген.

Құрбандық шалушы оның етін түгелдей кедей-мұқтаждарға таратуына да болады. Сондай-ақ түгелдей өзінің отбасына да қалдыра алады.

дереккөз: muftyat.kz

Бөлісу: