23
Сенбі,
Мамыр

һижри

Құрбан айтта құрбандық шалудың әдебі

Құрбан айтта құрбандық шалудың әдебі

Құрбан Айт
Жарнама

Шын мәнінде, Құрбан айт – жалаң құрбандық емес, ол –  ішкі жан-дүниеңді тазарту мен рухани тұрғыдан жаңғыру деген сөз. Сұлтанмахмұт Торайғыров бабамыз бір сөзінде дін шын ақыл, ғылыммен бірлік етсе ғана шын дін болатынын, құр көңілге сеніп, құлшылық ету дұрыс емес екенін айтқан.

Расында «құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындау» деген ұғымды білдіреді. Бұл – шынайы ниет пен Аллаға деген сүйіспеншілікті паш ететін мейрам. Ұлық мерекенің тәрбиелік мәні мен мағынасы осында жатыр. Қасиетті Құранда «Хаж» сүресінің 37-аятында: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалықтарың (шынайы ниеттерің)» делінген.

Ал ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адам баласы Құрбан айт күні құрбан шалудан өзге амалымен Аллаға жақындаған емес...» деп, бұл күндері Аллаға ұнамды әрі ең сүйікті амал – құрбан шалу екенін жеткізген.

Бір сахаба ардақты Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құрбан шалудың сауабы жайлы сұрайды. Сонда Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Құрбанның әрбір қылы үшін бір сауап бар», –  деп жауап береді. Сахаба тағы да: «Уа, Алланың Елшісі, шалынған құрбандық мал қой болса, сауабы қандай болады?» деп сұрағанда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Оның әрбір тал қылы үшін де бір сауап бар», – деп жауап қайырған екен.   

Материалдық мүмкіндігі бар, əрі жолаушы емес мұсылманға құрбандық шалу – уəжіп, мұсылмандық міндет. Ал шамасы келмеген адамға Алла Тағала мұндай міндет жүктемеген. Айт күндері аз да болса садақа беріп, қараусыз қалған қарттарға, жетімдер мен көпбалалы отбасыларға көңіл бөлу – сауапты іс.

Құрбан айт тек құрбан шалумен шектелмейді. Бұл – ағайын арасын жақындата түсетін күн. Араздасқан адамдар татуласып, өзара кешірім жолын ұстанады. Айт күндері туысқанның басын қосып, қарым-қатынасты күшейткен абзал. Құрбан айт – отбасы құндылығын арттыратын мереке. Ата-анамызға, бала-шағамызға сыйлық беріп, оларға арнайы көңіл бөліп, барынша қуантайық. Мұндайда өскелең ұрпақ Құрбан айттың қадірі мен сауабын сезініп, ізгілікке ұмтылады, мерекені асыға күтеді.

 

дереккөз: muftyat.kz

Бөлісу: