26
Жұма,
Сәуір

һижри

«Нұр Астана» мешітінің маңына 200-ге жуық ағаш отырғызылды

«Нұр Астана» мешітінің маңына 200-ге жуық ағаш отырғызылды

Жаңалықтар
Жарнама

Елордадағы «Нұр Астана» мешітінің маңына 200-ге жуық ағаш отырғызылды. Қазақстан халқының бірлігі күніне орай ұйымдастырылған шараға бас шаһар басшысы Алтай Көлгінов қатысып, қала тұрғындары мен қонақтарын айтулы мерекемен құттықтады, деп хабарлайды Елорда Инфо.

«Елорданы экологиялық тұрғыда қала тұрғындары үшін жасыл әрі жайлы ету – басты мақсатымыз. Биыл қалаға 1 миллионнан аса жасыл желек отырғызу жоспарланған. Оның ішінде саябақтарды ғана емес, аулаларды, елді мекендер мен көгалдандыру жеткіліксіз жерлерге баса назар аударылып отыр.

Көпұлтты және көпконфессиялы халқымыздың мығым бірлігінің арқасында тәуелсіз еліміз татулық пен ынтымақтың отанына айналды. Ел бірлігін сақтап, одан әрі нығайта түсу – әр тұрғынның парызы. Баршаңызды 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық пен бақ-береке тілеймін!» – деді елорда әкімі Алтай Көлгінов.

Игі іске Есіл ауданының әкімі Берік Жәкенов, «Нұр Астана» мешітінің бас имамы Нұрлан Рамазанов, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов және мемлекеттік қызметкерлер мен белсенді жастар бір кісідей жұмылып, мешіт маңында 200-ге жуық ағаш отырғызды.

4d922db3-8c8b-413c-bed6-5ed1c8eaafae.jpg

– Қазақта «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген аталы сөз бар. Дініміз бойынша да ағаш пен жеміс ағаштарын егу сауапты амал. Егілген жеміс ағашының жемістерін тек адам ғана емес, жәндіктер мен құстар да жесе, сауап болады. Хадисте «ақырзаман орнады деген күннің өзінде шыбығыңды егіп кет» дейді. Бүгін қала әкімдігінің қолдауымен ағаш отырғызылды. Мешіт қабырғасында отырғызылғандықтан оны еккен адамдарға да, соған себепкер болғандарға сауабы молынан болады деп сенеміз. Өйткені, жерге шаншылған әрбір тал күтімі жақсы болса, күні ертең жапырағы дараққа айналып, жазда сая, қыста пана болады. Бүгінгі мерекеде ағаш отырғызу шарасына өзге ұлт өкілдерінің де қатысуы бірлігімізді одан сайын нығайта түсті. Бұл – еліміздегі өзге ұлт өкілдерінің бір үйдің баласындай бір шаңырақ астында бейбіт ғұмыр кешіп жатқандығын айғақтайды, – дейді «Нұр Астана» мешітінің бас имамы Нұрлан Рамазанов.

elorda.info

Бөлісу: