05
Жексенбі,
Мамыр

һижри

«Ихсан – рухани тәрбие негізі» тақырыбында семинар өтті

«Ихсан – рухани тәрбие негізі» тақырыбында семинар өтті

Жаңалықтар
Жарнама

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының жетекшілігімен жарыққа шыққан «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабының насихат жұмыстары Маңғыстау облысында қарқынды түрде жүріп жатыр. Осы орайда Маңғыстау облыстық орталық «Бекет ата» мешітінде «Ихсан – рухани тәрбие негізі» тақырыбында ақпараттық-танымдық, рухани семинар өтті.

Санитарлық-эпидемиологиялық шаралардың қатаң сақталуымен өңірлік деңгейде өткен іс-шараға ҚМДБ-ның Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы, Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Ізімбайұлы және Ақтау қаласы мен Мұнайлы, Түпқараған аудандары мешіттерінің имамдары, дін қызметкерлері қатысты.

Алдымен Әнуар Ізімбайұлы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен Ихсан іліміне ерекше көңіл бөлініп жатқандығын тілге тиек етіп, алдағы уақытта «Muftiyat» баспасынан осы бағытта көптеген құнды басылымдардың жарық көретінін атап өтті.

Ал Ғұламалар кеңесінің мүшесі, исламтанушы-ғалым Сансызбай Құрбанұлы болса имамдар мен ұстаздарды пайғамбар жолында жүрген тұлғалар деп атап:

«Имамдарымыз Ихсан ілімін ең әуелі өз өмірлеріне арқау етуі қажет. Жеке адамға болсын, жамағатқа болсын бір насихат айтпас бұрын, сол ілімге өзіміз лайықты болуымыз керек. Сол кезде ғана ойларымыз бен іс-әрекетіміздің арасында үйлесімділік орнап, айтқан сөздеріміз адамдардың жүрегіне жетіп, оң өзгерістерге септігін тигізе аламыз. Дана халқымыз «ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деп бекер айтпаған. Рухани-адамгершілік құндылықтарды өз бойына сіңірген ұстаз ғана, өзге адамдардың жетілуіне мүмкіндік туғыза алатынын ұмытпаңыздар», деді.

Сондай-ақ, Сансызбай Құрбанұлы дін қызметкерлеріне ҚМДБ қабылдаған «Ас беру мәдениеті», «Зират және зиярат мәдениеті» секілді құжаттарды және діни басқарманың Шариғат және пәтуа бөлімі дайындаған пәтуаларды қызмет барысында пайдаланып, халыққа уақытылы, толық және дұрыс насихатталуына ерекше мән беру керектігін айтып:

«Әсіресе, заман талабына сай берілген пәтуалардың ел ішінде кеңінен таралуы имамдардың, яғни сіздердің қолдарыңызда екенін ұмытпағайсыздар» деп түйіндеді.

Еске салайық, ҚМДБ жанындағы «Muftiyat» баспасынан жарық көрген «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабы еліміздің түкпір-түкпіріне 5 мың данамен таралған болатын. Бұдан бөлек, бұл баспадан «Тәпсірлердің таңдаулысы» атты төрт томдық құнды жинақ қазақ және орыс тілдерінде басылып шықты. 

ea6b9fe7-0145-4de3-8305-2c99b318678d.jpg

8e8bf689-a02a-4b72-a2ca-237dddfe21ba.jpg

cd30cbd5-8e8c-49f7-af1d-fa8c72b89e09.jpg

Бөлісу: