17
Жұма,
Мамыр

һижри

Мешіт имамдарына құрмет көрсетілді

Мешіт имамдарына құрмет көрсетілді

Жаңалықтар
Жарнама

Өткен жұмада елордадағы «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінде бас имам Руслан Нақыпбекұлының ұйытқы болуымен дін қызметкерлеріне құрмет көрсетілді.

Алдымен мүбәрак Мәуліт айына орай жұма намазына жиналған жамағат алдында арнайы уағыз айтылып, Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбардың өнегелі өмір жолы, Алланың дінін адамзатқа таратудағы тағылымға толы істері, оның мүбәрак өмірі жайлы тілге тиек етілді.

Жамағатқа есігін айқара ашқан құлшылық ордасын Пайғамбарымызға деген сағыныштан туындаған салауат кернеп, Мәуліт мерекесінің мәртебесі асқақтай түсті.

«Нұр-Астана» мешітінің наиб имамы, қари Нуриддин Абдусаматұлы жүректі тебірентер Мәуліт жырын оқыды. Сондай-ақ имамдар мен жұма намазына жиналған мешіт жамағаты бірігіп әлемге рақым етіп жіберілген нұрлы Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтты.

Бұдан кейін Руслан Нақыпбекұлы мешіттің бас имамы қызметін атқарып, жуырда ғана Бас мүфти бұйрығымен СҚО және  «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы қызметіне тағайындалған Хамзат Қажымұратұлының иығына  қазақи дәстүрмен шапан жауып, жаңа қызметіне сәттілік пен абырой тіледі.

Сонымен қатар, жұма намазында Мәуліт жырын тебіренте оқып, жүректерде Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  деген сағынышты жандандырған Нуриддин Абдусаматұлына да алғысын айтып, иығына шапан жапты. «Нұр Астана» мешітіне ұстаздық қызметке тағайындалған қаридың да еңбегіне береке, отбасына амандық тіледі. 

Өз кезегінде Хамзат Қажымұратұлы да жаңадан тағайындалған бас имам Руслан Нақыпбекұлының қызметіне сәттілік тілеп, жамағатқа алғысын айтты. Мешіт ақсақалдары имамдарға батасын беріп, дұға жасады.

Жұма намазынан кейін жиналған көпшілікке ас таратылды.

Бөлісу: