30
Сейсенбі,
Сәуір

һижри

Нұр-Мүбарак университетінде Мәуліт кеші өтті

Нұр-Мүбарак университетінде Мәуліт кеші өтті

Жаңалықтар
Жарнама

Нұр-Мүбарак университетінде мүбәрак Мәуліт айының құрметіне рухани кеш ұйымдастырылды.

Қасиетті Құран аятымен шымылдығы түріліп, белгілі сазгер, әнші Жәкен Омаров бастаған топтың мәуліт жырын оқып, салауат айтуымен ашылған мерейлі мәуліт кешіне келгендер көп болды. Ректор, профессор Мұхаммад әш-Шаххаттың адамзаттың абзалы Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жайлы тағылымды сөздері көпшілікке ой салып, жүректерді тербеді.

«Қасиетті Құранда «(Мұхаммед (ғ.с.): «Олар Алланың кеңшілігі, мәрхаматымен болған осылармен қуансын. Өйткені Құран олардың жиған-тергендерінен қайырлы» де» деген аят бар. Біз осы мәуліт арқылы қуанышымызды бөлісіп жатырмыз. Себебі кейбіреулер айтқандай, мәуліт – бидғат емес. Мәулітті діни қағидаларға қайшы дейтіндей еш дәлел жоқ. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)өзі туған күнінің құрметіне шүкірлік етіп, бейсенбі күні ораза тұтқанын білеміз. Осындай күні біз Пайғамбарымыздың адами құндылықтары жайлы насихат айтып, қоғамдағы мейірім мен адамгершілік, қайырымдылық қағидаларына бағыт-бағдар беруді қалаймыз» деп ректор Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өнегелі өмірінен ғибраттар бөлісті.

Мәуліт салтанатында сыр сүлейі, жыршы, термеші Марат Сүгірбай, Сержан Әлібек тағылымды терме мен әуезді әннен шашу шашса, университетіміздің магистранты айтыскер Сырым Әуезхан мен Бекжан Базарбектің айтысы тартысты өтіп, көпшілікті серпілтіп тастады. Әсіресе, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақтың балалар мен жасөспірімдер театры әртістерінің «Шығыстанушы, Батыс, ғалымдарындағы Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)» бейнесі атты қойылымы көрермен көңілінен шықты. Студенттер де Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірінен тағылымды көрініс ұсынды.

«Біздің мақсатымыз Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)ғибратты ғұмырынан тәлім алып, өнегелі өмірін насихат ету. Сондықтан бүгінгі мәулітте Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)өмірін сан қырлы, күнделікті байқай бермейтін құндылықтарын қамтуға тырыстық» деді проректор, доцент Қайрат Құрманбаев.

Мәуліт барысында Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сирасына қатысты марафон жеңімпазына «ER-ALIKO RAUDA» компаниясы умра қажылығын тарту етті. Сондай-ақ мүшайра жеңімпаздары марапатталды. Мәуліт шарасында ислам калиграфиясынан мен Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүйікті тағамдарынан жасалған көрме көпшілік көңілінен шықты.

Бөлісу: