18
Бейсенбі,
Сәуір

һижри

Наиб мүфти Кожаелидегі Хасеки білім ордасында болды (фото)

Наиб мүфти Кожаелидегі Хасеки білім ордасында болды (фото)

Жаңалықтар
Жарнама

ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Сансызбай Құрбанұлы бастаған Стамбұлдағы жұмыс тобы Кожаелидегі Хасеки білім ордасына арнайы барып, шәкірттердің жағдайымен танысты.

Кожаелидегі Хасеки оқу орнының басшысы Шенол Тирякы ҚМДБ делегациясын жылы қабылдап, арнайы кездесу өткізді. Кездесуде Хасекидегі қазақ балаланың оқу деңгейі, әлеуметтік мәселесі, оқуын келер жылы аяқтайтын студенттердің алдағы жоспары талқыланды.

Кейін ҚМДБ делегациясы қазақ балалары білім алып жатқан сыныптарды аралап, олармен жеке кездесу өткізді. Наиб мүфти, Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы ілім алудағы ықылас, ұстазға құрмет, кітап таңдаудағы ерекшелік, өзге елдің өзіндік болмысы және елге қызмет туралы насихатын жеткізсе, ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Жәдігерұлы ең алдымен Бас мүфтидің Түркияға ресми сапары аясында тағайындалған жауапты өкілі Жандос Айтбаевты шәкірттерге таныстырып, Алла жолында жүру, бойға жақсы әдет қалыптастыру, ел мен жерге деген махаббат, туған жерден тамыр үзбеу жайында өз ойымен бөлісті. 

ҚМДБ Діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі Смайыл Сейтбеков шәкірттердің шет елдегі тәрбиесі, оқуға құштарлық, жауапкершілік жайында айта келіп ең бастысы адал болуға үндеді.

Сондай-ақ кездесу барысында ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұров сөз алып, имамдық жолдағы алғашқы белестер тақырыбында тың ойларын ортаға салды. Шәкірттер де көкейдегі сауалдарын қойып, тұщымды жауап алды.

Айта кетейік, Кожаелидегі Хасеки оқу орнында жалпы 156 шәкірт білім алуда, оның 32-сі – шетелдік шәкірттер. Оқу орнында 25 қазақ баласы білім алып жатыр. 2015 жылы ашылған оқу ордасын осы күнге дейін 2 қазақстандық түлек тәмамдаған.

Бөлісу: