12
Жексенбі,
Мамыр

һижри

Жамбыл: 6 отбасыға баспана берілді

Жамбыл: 6 отбасыға баспана берілді

Жаңалықтар
Жарнама

ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында Жамбыл ауданы Жалпақтөбе ауылына қарасты Солнечный елдімекенінде 6 отбасыға пәтер кілті табыс етілді. Аталған игі шараға Жамбыл облысының бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев пен наиб имам Нұралы Бақытұлы арнайы қатысып, жаңа баспана иелеріне пәтер кілтін табыстады.

Қайырымдылық жобамен берілген баспаналар Кахаров Марибжан, Амиркулов Дәулеткул, Колесников Александр, Шкуратько Евгения, Гущина Ирина және Коверин Романға бұйырды. Бұл отбасылардың үйі былтыр қыркүйек айында тілсіз жаудан өртеніп кеткен болатын. Жайсыз хабарға байланысты Жалпақтөбе ауылының имамы Рахматулла  Каримов баспанасыз қалған кісілерге басу айтып, үйлерін соғып беретіндігін мойнына алған. Бұрынғы баспаналары ағаштан соғылғандықтан барлығы өртеніп кеткен екен. Сондықтан, баспананы іргетасынан бастан қалау керек болған.

Ауыл имамы бұл істі аяқсыз қалдырмай, соңына дейін өзі басы-қасында болып,  ауыл  кәсіпкерлері мен демеушілердің арқасында бұл баспаналар қайтадан соғылып, қолданысқа берілуде. Әкімдік тарапынан зардап шеккен  отбасыларға 580 мың теңгеден берілген. Бірақ, ол қаражатты мешіт жамағаттары мен демеушілер қайта соғылып жатқан үйдің құрылысына жаратпаған. Оны әр отбасына өз қажеттіліктерін алу үшін қайтарып берген.   

«Жұмыла көтерген – жүк жеңіл» демекші, бүкіл ауыл болып, мешіт жамағаты мен кәсіпкерлер, демеушілер болып тілсіз жаудан зардап шеккен отбасыларға көмектерін аямады. Жаңа пәтердің кілтін алған отбасылардың қуанышында шек жоқ. Олар ауыл имамы мен мешіт жамағатына тағы да көмек қолын созған жандарға өз алғыстарын жаудырды.

Пікірлер (0)

Бөлісу: