20
Сенбі,
Сәуір

һижри

Аламатыда «Әлмерек» мешіті жамағатқа қайта есігін ашты

Аламатыда «Әлмерек» мешіті жамағатқа қайта есігін ашты

Жаңалықтар
Жарнама

Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлы мен бірқатар аудан имамдары және дін қызметкерлері қасиетті жұма күнінде күрделі жөндеу жұмысы аяқталған «Әлмерек» мешітінің қайта ашылуына қатысты.

Алланың қалауымен, кәсіпкер Самигуллин Рифат Анварұлы демеушілігімен ескі мешіт ғимараты бұзылып, орнына 7 айдың көлемінде сәулеті жарасқан мешіт тұрғызылды. ҚМДБ Төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Астанадан арнайы «Әлмерек» мешітіне жіберген сыйлығы мен ыстық сәлемін қаланың бас имамы Төлеби Дәділұлы жеткізді. Рифат Анварұлына алғыс хат табыстап, жамағат ризашылық көңілмен иығына шапан жапты.

Бүгінде құрылысы аяқталып ел игілігіне берілген жаңа мешіт көлемі 600 шаршы метрді құрайды. Түрксіб ауданына қарасты «Әлмерек» мешіті 1996 жылы жергілікті халықтың ұйымдасуымен салынған. Әлмерек ықшам ауданы, Шортанбай жырау көшесі 9, мекен-жайында орналасқан мешіт алғаш ресми түрде 2000 жылдың 5 шілдесінде ашылған. Мешіттің ескі ғимаратының көлемі 192 ш/метр. Онда бір мезетте 250 адам намаз оқыған. Уақыт өте келе қабырғалары жарылып, шатырынан су өтіп, мешіт апаттық жағдайға түскен болатын. Жаңадан бой көтерген құлшылық үйінде бір мезетте 500 адам намаз оқи алады. Сонымен қатар, мешіт ауласына да 500 адамға орын бар. Күмбезінің биіктігі шамамен 8 метр, мұнарасы 25 метр. Мешіттің үлкен залынан бөлек жертөлесінде кіші зал, әйелдер намаз залы да бар. Мешіт жанынан жамағатқа барлық жағдайы қарастырылған дәретхана салынған. Ауласы абаттандырылған, ағаштар отырғызылып, көгалдандыру жұмыстары жүргізілген жаңа мешітте қаланың бас имамы Төлеби Дәділұлы Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ерекше атаған бес нығмет жайлы жұма уағызын жүргізді. Соңынан жамағатпен жұма намазы оқылып, ел амандығы мен тұрақтылығы үшін дұға етіп, бата жасалды.

«Ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қала ішінде Аллаға ең ұнамды жер – мешіттер» деп мәні мен мағынасы терең ой айтқан. Олай болса заманауи үлгідегі сәулеті жарасқан «Әлмерек» мешіті шаһар тұрғындарының сүйікті құлшылық орны болары сөзсіз», - деді қаланың бас имамы Төлеби Оспан. 

Бөлісу: