24
Сәрсенбі,
Сәуір

һижри

Атырауда Сирадан зияткерлік сайыс өтті (видео)

Атырауда Сирадан зияткерлік сайыс өтті (видео)

Жаңалықтар
Жарнама

Атырауда «Ислам және ізгі қоғам» жылы аясында алғашқы шаралар легі басталып кетті. Облыстық дін істері басқармасы және орталық «Иманғали» мешітінің ұйымдастыруымен өткен зияткерлік сайыстың басты мақсаты – қоғамда рухани құндылықтарды дәріптеу.

Сира (Пайғамбарымыздың өмір жолы) бойынша өткен сайыс барысында бас имам Алтынбек Ұтысханұлы көркем мінез, даналықты Мұхаммед пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірінен үлгі етуіміз керек екенін айтты.

«Бұл шара мүфтият жариялаған «Ислам және ізгі қоғам» жылына арналып отыр. Күні кеше ғана Астанада өткен алқалы жиында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бздің халық алдындағы басты міндетіміз – жұртымызды жақсылыққа үндеп, жамандықтан тосу, ізгі қоғам құруға қадам жасау екенін айтқан еді.

Кемел адам, рухани бай адам деген керемет тіркестер – адам өз-өзін дамыту арқылы келетін дүниелер. Бұл ретте біз Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірін дәріптеу арқылы, қоғамға ізгілікті насихаттап отырмыз» деді Алтынбек Ұтысханұлы.

Бірінші іріктеу кезеңінде Quizizz қосымшасы арқылы барлығы 135 үміткер бақ сынады. Іріктеу кезеңінен өткен 30 қатысушы арнайы дайындалған сұрақтарға жылдам, әрі нақты жауап беру арқылы өзара бақ сынады. Ақтық мәреде үш үміткер «Мен Пайғамбарды көрсем не істер едім?» тақырыбында эссе жазып, қалың көпшілікке оқып берді.

Сайысты арнайы құрылған комиссия өкілдері жауаптардың мазмұнына, қатысушылардың ой-өрісі мен таным деңгейіне қарай бағалады. Зияткерлік сайысына «Қажымұқан Мұңайтпасов» мешітінің имамы Айтжан Абдиров, «Анашым» мешітінің имамы Айдын Серікбаев пен «Әт-Тақуа» мешітінің имамы Қанағат Муслимов қазылық жасады.

Тәлімі мол сайыс қорытындысы бойынша Мақат ауданынан келген Нұрлан Сармалаев жеңімпаз атанып, ұмра қажылығына жолдама алды. Екінші орынды иеленген Мейрамбай Кереев (Мақат ауданы) Астана қаласындағы ірі мешіттерді зиярат етуге жолдама алса, Дулат Шманов (Исатай ауданы) жүлделі үшінші орынды қанағат тұтып, Түркістан қаласына зиярат етуге арналған жолдаманы иеленді. Сондай-ақ барлық қатысушыға сыйлық берілгенін айта кеткен жөн.

Бөлісу: