18
Сейсенбі,
Маусым

һижри

Бас мүфти Сарыағашта мешіттің ашылуына қатысты (фото)

Бас мүфти Сарыағашта мешіттің ашылуына қатысты (фото)

Жаңалықтар
Жарнама

Түркістан облысы Сарыағаш ауданында орталық мешіт күрделі жөндеуден өтіп, кеңейтіліп қайта ашылды. Салтанатты рәсімге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысты.

Ең алдымен қасиетті Құран аяттары оқылып, батасын Бас мүфти жасады. Алғаш құттықтау сөз алған ҚМДБ Төрағасы аудан халқын құттықтап, мешіттің мәні жайында айтып өтті.

«Бүгін Алланың қалауымен Сарыағаш жеріне келдік. Ең бірінші мынадай ғажап мешіттің ашылуы жергілікті жамағат үшін қуанышты жағдай. Мешіт салудың сауабы қаншалықты үлкен екені жайында Алла Тағала Құран Кәрімде: «Алла Тағаланың мешіттерін тек Аллаға және ақырет күніне иман еткен, намаз оқыған, зекетін берген және Алладан басқа ешкімнен қорықпайтындар ғана салады», – дейді. Алла Тағала амалдарымызды риядан алыс қылып, сауабын толық күйінде бергей. Адам баласының құлшылығын өтеп, мінажат ететін мекені де осы мешіт. Тәубеге келер тұсы да осы жер.

Мешіт – адамды жамандықтан тыйып, жақсылыққа, ізгілікке бастайды. Өмірге деген үміт шырағын жағады. Сондықтан бүгінгі мешітіміз талай жанға мейірім шуағын сыйлап, игі істер атқаруына себеп болар орын болсын деймін. Алла Тағала құлшылық үйін салғанға, атсалысқанға, осы құрылыс үшін дұғада болғанға жәннатта сондай үймен сүйіншіленуін нәсіп етсін. Ниеттеріңіз қабыл болсын» деп ізгі тілегін жеткізді.

Бұдан кейін аудан әкімі Арман Абдуллаев пен ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұстафа Сүлейменов жергілікті аудан жұртына игі тілегін білдіріп, құттықтау лебізін арнады. Іс-шара барысында мешітке үлес қосқан бірнеше белсенді жамағатқа Бас мүфти атынан алғыс хат табысталды.

Айта кетейік аудандық мешіт соңғы бір жылда кеңейтіліп, жалпы сыйымдылығы 2500 адамға шақталып, қайта ашылып отыр.

Бөлісу: