19
Жұма,
Сәуір

һижри

Наурызбай Тағанұлы: «Ораза айында адам кең пейіл, кешірімшіл болуы керек» (тікелей тілдесу)

Мешіт тынысы
Жарнама

Сейсенбі күні редакциямызға ҚМДБ-ның наиб мүфтиі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы бас сұғып, ораза айына орай қала тұрғындарымен тікелей байланысқа шығып, қоңырау шалған көпшіліктің және газет журналистерінің көкейінде жүрген сауалдарына жауап берді. Осы ғибратты әңгімені назарларыңызға ұсынып отырмыз.

«Астана ақшамы»: Редакциямызға қош келіпсіз. Рамазан айында мұсылман қауымның Алла разылығы үшін тұтқан оразасы қабыл болғай. «Отыз күн ораза» деп жатушы еді, биылғы ораза не үшін 29 күн?

 Бисмилляхи Рахмани Рахим! Әлемдердің Раббысы  жаратушымыз Алла Тағалаға сансыз мадақ. Сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) Алланың игілігі мен сәлемі болсын. Алла қаласа, қадірлі ағайын, міне, Рамазан айы да келді. Алла Тағала баршамызға құтты етсін. Осы айда ниет етіп, ораза ұстаған баршаларыңыздың тілектеріңізді қабыл қылғай. Сіздерге күш-қуат, қайрат берсін деп Аллаға дұға қыламыз. Енді осы оразаға қатысты айтатын болсақ, пайғамбарымыздың қасында жүрген сүйікті сахабалары, дінге берік ғалым кісілер ораза айын қатты күтіп және Рамазан айы өткен соң да тұтқан оразаларының қабыл болуын Алладан сұрап, ұзақ уақыт дұға қылатын болған. Алла бұйырса, он сегізінші маусым күні ораза басталады. Жалпы  мұсылман күнтізбесінде күн санау кештен басталады. Мысалы үшін күн батып, ай көрінгеннен кейін бірінші күн болып есептеледі. Он жетінші маусым күні кеште Рамазан айы кіреді. Сол күні Тарауық намазын оқумен Рамазан айын қарсы аламыз. Қысқасы, айдың тууымен оразаны бастаймыз. Биылғы оразаның 29 күн болатын себебі, келесі жаңа ай жиырма тоғыз күннен кейін көрінеді. Пайғамбарымыздың хадисінде «кім де кім жаңа туған айды көрсе, сол адам аузын бекітсін» дейді. Яғни, он жетісі күні кеште айды көрген адамның он сегізі күні аузы берік болсын деген сөз. Мұсылман күнтізбесі бойынша Рамазаннан кейінгі ай – Шәуел айы. Тағы да пайғамбарымыздың хадисінде «Шәуел айының туған айын көрген адам аузын ашсын» деген. Сондықтан жаңа ай туғанда ауыз бекітіп, келесі жаңа ай туғанда ауыз ашамыз. «Егер ауа райының қолайсыздығына байланысты ай көрінбесе, онда оразаны отыз күнге толтырыңдар» деген де хадис бар. Қазір, Құдайға шүкір, технологияның дамыған уақыты, қандай жағдай болса да мезгілдік құбылыстарды нақты анықтай алады. Міне, 29 күн ораза – сондай нақты есеп.

Біржан Мұхаметжанұлы: Ассаламу әлейкум! Ораза тұтқан адам түкірігін жұтса, жуынса, ораза бұзыла ма? Жалпы ораза қандай жағдайда бұзылады?

–  Түкірікті жұтса, ораза бұзылмайды. Бірақ оны жинап жұтуға болмайды. Қазақ «ауыздан шыққан түкірік, қайтіп жұтсаң мәкүрік» демей ме. «Түкірігімді жұтып қоймайын» деп ойламай, күнделікті қалай жүресің, солай жүрсең, түкірік те жиналмайды. Ал енді оразаны бұзатын нәрселер – ішіп-жеу, ауызды толтырып құсу,  жыныстық қатынасқа түсу. Таңнан кешке дейін осы нәрселерден тыйылу керек. Мына мәселені ұмытпауымыз шарт – кез келген себеппен нәпсінің ығына қарай жығылып, тұтқан оразаны бұзу дұрыс емес. Оразаның әрбір секунды қымбат.

Гауһар Пернеева:  Денсаулығына байланысты ораза тұта алмағандар не істесе болады?

– Жалпы ауру сесептерімен ораза ұстай алмаған адам «пидия садақасын берсін» дейді Құранда. Яғни, бір күнде бір адамға ауызашар беріп, тамағын тойдырып, осылай отыз күн бойы жалғастырып, оразаның сауабын иеленеді. Пидия садақасын өтеу үшін, әрине, өз қолыңмен тамақтандыру міндет емес. Қазір бір адам тойып тамақтануға қанша ақша жұмсайды, сонша ақшаны садақа қып берсе болады.

Алмас Сырғабай: Оразамен қатар отыз күн бойы оқылатын Тарауық намазы туралы айта кетсеңіз…

– Тарауық намазының үкімі Муәккәд дейді. Яғни, бекітілген, пайғамбарымыз, сахабалар қатты ұстанған сүннет болып есептеледі. Сауабы үлкен сүннеттен бас тарту дұрыс емес, бірақ «кімде-кім Тарауық намазын оқымаса, оған күнә жазылады» деген үкім жоқ. Тарауық сөзінің мағынасы – демалыс деген сөз. Сондықтан кез келген адам Тарауық намазын оқыса сауап, оқымаса күнә жазылмайды.

«Астана ақшамы»: Қадыр түнінің сауабы туралы айта кетсеңіз, ол қасиетті түн биыл қай күнге келеді?

– Биыл Қадыр түні бұйырса шілде айының он үшінен он төртіне қараған түні келеді. Қадыр түнінің сауабы өте үлкен. Бұл түн туралы Алла Тағала қасиетті Құранда толық бір сүре түсірген. Алла Тағала түсірген сол аятта: «Біз қасиетті Құранды Қадыр түні түсірдік. Ол түн мың айдан да артық» дейді. Ал бұл айларды есептейтін болсақ – бір адамның ғұмыры. Қадыр түні биыл өте қысқа болады, сондықтан адам баласы сонша қайырлы бір түнді бос жібермей, тілек, дұға жасаса, Иншалла жаман болмас еді. Құран аяттарына негізделген ғұламалардың айтуынша, Қадыр түні адамның келесі жылға дейінгі тағдыры жазылады. Ал енді осындай қайырлы, осындай керемет түнді құлшылықсыз, дұға, тілексіз өткізіп алу – пенде баласының әлсіздігі. Ораза айында адам кеңпейіл, кешірімшіл болу керек. Бұған дейін кім сені ренжітті, көңіліңді қалдырды, соның бәрін санадан жуып, асқақ адамгершілікке ұмтылған ләзім.

Ұлмекен Ескендірова: Сізге хабарласып отырған себебім, үш бала тәрбиелеп отырған, жұмыссыз анамын. Жыл сайын ораза тұтамын. Балаларым да өте дарынды, қабілетінің арқасында Елбасы атындағы мектепте оқиды. Сол балаларым парактикасын Қызылордада өткізуі керек екен. Соған жолақы таппай, қиналып отырған жайым бар.  Сіздер көмектесе аласыздар ма?

– Әрине, көмектесеміз. Сіз немесе балаларыңыз «Нұр Астана» мешітіне келіп, менің атыма өтініш жасап, қай кезде жолға шығатынын анықтап айтып берсеңіздер, билеттеріңізді алып беруге көмектесеміз.

«Астана ақшамы»: Наурызбай Қажы Тағанұлы, өзіңіз естіп, біліп отырғандай, осындай қолы қысқа, тұрмысы төмен отбасылар көп. Сіздердің мешіт қайырымдылық шараларын көп өткізе ме?

– Бас мүфти Ержан Қажы Малғажұлы бізге төрт бағытта жұмыс істеуді тапсырған. Соның бір бағыты – қайырымдылықпен айналысу. Дін болғаннан кейін, мешіт болғаннан кейін біз халыққа қол ұшын беруіміз керек. Қайырымдылық шараларын көп жасаймыз. Шариғатымызда «оң қолың берген садақаны, сол қолың сезбесін» дейді, «әйттік, бүйттік» деп айтып жату да артық шығар.

Гүлнар Өтешова: Ораза ұстауға әрбір адам дайын бола бермейді ғой, бірінші рет ораза ұстағысы келген адам басында, ортасында, соңында үш күн, үш күннен ұстаса бола ма?

– Сауалыңызға рахмет. Ораза ұстау – Рамазан айында парыз. Сондықтан бір ай оразаны толық ұстау керек. Басқа айларда, мысалы Шағбан, Ережеп айларының басында, ортасында, соңында бір күн, екі күн деп ұстауға болады.

«Астана ақшамы»: Құрметті Наурызбай қажы Таған ұлы, ораза қарсаңында уақытыңызды бөліп, редакциямызға келіп, жұрт көкейіндегі сауалдарға жауап бергеніңізге рахмет. Өзіңіздің де тұтқан оразаңызды, дұға-тілектеріңізді Алла қабыл қылсын.

– Әмин!

Тікелей тілдесуді жүргізген: Ырысбек ДӘБЕЙ,

"АСТАНА АҚШАМЫ"

Бөлісу: