21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ: «Ораза айт құтты болсын!»

Мешіт тынысы
Жарнама

Қадірлі отандастар, құрметті бауырлар! Айлардың сұлтаны әрі күллі мұсылман баласы үшін қасиетті Рамазан айы да аяқталды. Барша мұсылман қауым маусымның аптабы мен шілденің шіліңгіріне мойымастан оразасын ұстап, қасиетті айды құлшылықпен өткізді. Алланың мейірім-шапағатынан үміт етіп, ауыз бекіткен мұсылман үмметін пайғамбар сүйіншілеген мол сауаптар мен жақсылықтар күтеді.

Алла елшісінің (с.а.с) сахих хадистерінде Айт мейрамына тамақ жеп, сусын ішу, Алланы еске алу, қонақ күту, сырқат мұсылмандардың көңілін сұрау мен жоқ-жітік, кембағалдарға садақа беру тән екендігі айтылған. Олай болса, айт күндерін ізгі амалдарымызды кемітпестен мерекелік көңіл-күймен және басқа да сауа­бы мол істермен өткізген мақұл.

Айттың өзіне лайық жарасымды да сауабы мол амалдары жетерлік. Таңнан ерте оянып, ғұсыл құйынып, дәрет алып, таза, жаңа киім киіп, жұпар иіс сеуіп, айт намазына қатысу – сүннет.

Араздасып қалған кісілермен татуласып, қатынас үзілген туыстардың үйлерін аралаудың да маңызы ерекше. Өйткені, Алла тағала: «Сен, кешірім жолын ұстан, жақсылыққа бұйыр, надандықтан бет бұр» («Ағраф» сүресі, 199-аят) деп мүміндерді барынша кешірімді болуға үндеген. Көңілі жабырқау, қамқорлыққа мұқтаж жандар мен жоқ-жітіктер айт күндерінде көбірек көмек-қолдау, садақа күтіп, дәметері хақ. Сондықтан да мұндай жандарға қайыр-садақа үлестіріп, көңілдерін аулаған абзал.

Ораза айт адамдарды бауырмалдылық пен кішіпейілділікке, кешірімділік пен сүйіспеншілікке шақырады. Бұл күндері үй-үйде дастарқан жайылып, туған-туыс, дос-жаран, көрші-қолаң бір-бірін аралап, дәм татысып, мәре-сәре болады.

Құрметті ағайын! Баршаңызды ең қасиетті де ұлық мереке – Ораза айт мейрамының келуімен шын жүректен құттықтаймын! Мұсылман баласын қуанышқа бөлейтін бұл мейрам елімізге, жерімізге құт-береке мен ынтымағын, ырысы мен берекесін ала келсін деп тілейміз. Алла тағала баршамыздың ұстаған оразамыз бен жасаған құлшылық-ғибадаттарымызды және сауапты істерімізді қабыл етіп, келер жылғы Рамазан айына аман-есен жетуді нәсіп еткей. Халқымыздың ынтымақ-бірлігін арттырып, ырыс-несібесін адалынан молайтқай! Дінімізге қуат, халқымызға иман байлығын бергей! Ауызбіршілігімізді арттырып, тыныштығымызды тұрақты қылғай! Әумин!

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі

Бөлісу: