29
Жұма,
Наурыз

һижри

Конституция күні құтты болғай!

Мешіт тынысы
Жарнама

Құрметті отандастар, ардақты ағайындар. Сіздерді еліміздің мерейлі мерекесі – Конституция күнімен шын жүректен құттықтаймын.

Ата Заңымыз – ел дамуы мен көркеюінің бірден бір негізі. Мемлекетіміздің тұғырлы қағидаттары бүгінде өзінің өміршеңдігімен биік тұғырға жетіп отыр. Қазақ елінің халықаралық қауымдастықтар алдында мәртебелі орын алып, мерейінің үстем болуы осының айқын айғағы. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде: «Конституция біздің тәуелсіздігімізді нығайтып, мемлекет пен жалпы қоғамда мызғымас тұрақтылықты қалыптастырды» деп атап өткен де еді.

Осыдан жиырма жыл бұрын 30 тамыз күні елімізде тарихи шешім қабылданып, Конституциямыз бекітілді. Осы жылдар ішінде Ата Заңымыз заманның талабы мен өркениеттің көшінде өз биігінен көріне білгеніне барша халықтың һәм әлем елдерінің өзі куә.

Кез келген мемлекеттің ұстанымын, ұлтының құндылығын айқындайтын негізгі Құжат – Конституция. Осы жиырма жыл ішінде Ата Заңымыздың арқасында құқықтық мемлекет орнап, өркениетті елдермен жан-жақты қарым-қатынас қалыптасты. Сан қырлы реформалар жасалып, демократия принциптері көтеріліп, Конституция аясында ауқымды істер атқарылды.

Ата Заңымыз әр адамның діни наным-сенім бостандығына кепілдік берді. Осының арқасында тарихи құндылықтарымыз қайта оралып, өшкеніміз қайта жаңғырды. Жер-жерде күмбезі көкпен таласқан мұнаралы мешіттеріміз көбейіп,  іргелі діни оқу орындары ашылды. Дәстүрлі дінге демеу боларлық істер қатары  әлимсақтан мұсылман – қазақ халқының Құрбан айт мерекесін мемлекеттік мейрам ретінде мәртебесін көтеруімен толықты. Ата Заңымыздың дәстүрлі дінге жасаған қамқорлығы, көрсеткен құрметі ерекше екенін атап кеткеніміз жөн.

Бүгінде Қазақ елі сан ұлттардың басын бір шаңырақ астында біріктірді. Ұлтаралық достық мен қоғамдық келісімді нығайтты. Әлемнің түкпір-түкпірінде қарулы қақтығыстар орын алып, терроризм мен экстремизмнің салдарынан көптеген елдің ішкі тұтастығы мен бірлігі кетіп жатқанын көріп отырмыз. Осындай ақ пен қара алмасқан уақытта тәуелсіз Қазақстанның ынтымақ-ырысы, бақ-берекесі артып, тұрақтылық пен тыныштықтың үстінде күн кешудеміз. Осының барлығы әуелі Хақ Жаббар Алла тағаланың елімізге деген мейірім-махаббаты болса, онан соң ел басқарған азаматтардың, Елбасымыз бастаған ұлтын сүйген, мемлекетшіл жандардың жан аянбай еткен еңбегінің жемісі. Сондай-ақ, Ата Заңына мойынсұнған елдің бірлігі мен ынтымағының арқасы болса керек.

Қазақстан Республикасының Коституциясының: «Біз ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы...» деп басталады. Біз бенен сіздің мақсатымыз – осы тәуелсіздіктің шын бағасына жетіп, барымызды бағалап, құрметтей білу. Еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосу.

Әрбір қазақстандық келешекке керуен тартқан мемлекетіміздің тұрақты дамуының кепілі Конституцияның мемлекет пен қоғам үшін ғана емес, өзінің жеке басы мен отбасы үшін де маңыздылығын терең сезінеді.

Ел үшін маңызды құндылықтарымыз – Тәуелсіздігіміз, Келісім мен Бірлігіміз нығая берсін. Әр шаңыраққа құт-береке, ырыс пен ынтымақ тілеймін. Ел іргесі аман, келешегіміз кемел болғай!

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

ҚМДБ наиб мүфтиі, 

«Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы

Бөлісу: