Бүгін «Әбу Насыр әл-Фараби» мешіті қаламыздағы мұқтаж отбасыларға қуаныш сыйлап, 34 тонна көмір үлестірді.
Алла Тағала Құранда: «Сендер игілік жолында не сарп етсеңдер де, Алла оның орнын толтырады. Ол – ризық берушілердің ең қайырлысы», – деген («Сәбә» сүресі, 39-аят). Осы аятқа және ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с): «Аллаға ең сүйікті амал – бауырыңның жүрегіне қуаныш сыйлау», – деген хадисіне амал еткен мешіт ұжымы суық күндері әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға жылулық сыйлады. Кезекті қайырымды шара жомарт жандар мен мешіт жамағатының атсалысуымен өткізілді.
Мешіт ұжымы үшін көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, зейнеткерлер мен ардагерлерге көмек көрсету дәстүрге айналды. Көмекке мұқтаж қала тұрғындарына қол ұшын беру мақсатында өткен қайырымды істің бұл басы емес. Бұған дейін де мешіт ұжымы демеуші азаматтардың мұрындық болуымен талай жанның алғысын алып келеді.
Көмек алған отбасылар салқын күндері жандарынан табылып, қайырымдылық жасаған мешіт ұжымына, атымтай жомарт азаматтарға алғыс айтып, отбасыларына амандық тіледі.
ummet.kz