Бүгін «Әбу Насыр әл-Фараби» мешітінде әдеттегідей жамағатқа арналған бейсенбілік ақ дастархан жайылып, көпшілікке арналған насихат кеші өтті.
Мешітімізге арнайы келген респбликалық бас мешіттің наиб имамы, ұстаз Әділхан Оразов мешіт жамағатына «Әбу Ханифаның хадис іліміндегі орны» тақырыбында көркем уағыз айтып, тақырыпқа сай тың мәліметтерді ортаға салды.
Насихат барысында Әбу Ханифа хадис зерттеу мәселесінде, тіпті, өзінің ұстаздарын басып озғандығын және ғалымның хадис жеткізуге асқан жауапкершілікпен қарағандықтан, хадистерді аз риуаят еткендігі жайлы айтылды.
«Әбу Ханифаға барлық хадистер тегіс келіп жетпегені де жасырын емес. Өз кезегінде мұндай абырой ешқандай имамға бұйырмаған. Бірақ ол хадистердің арасындағы насих пен мансұхты жақсы білгендіктен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмір баяны мен хадистерді алдыңғы немесе соңғы айтылғандарына қарай отырып, әсіресе Алла Елшісінің соңғы кезеңде айтылған хадистерін негізге алған» деді Әділхан Әліханұлы.
Сондай-ақ, сол заманда Әбу Ханифаға кейбіреулердің оған хадис білмейді деп жала жапқандығы жайлы кеңінен айтылды. Оның шәкірттерінің пікірлері мен көзқарастары туралы да керемет мысалдар баяндалды.
Мәселен, шәкірті Әбу Юсуфтің: «Қай мәселеде болмасын, Әбу Ханифаға қандай да бір қарсы пікір айта қалсам, артынан ойға қалып, оның көзқарасының тура бағытқа бастайтынына көз жеткізетінмін. Мен хадистермен де көп шұғылдандым. Бірақ, ол хадистің сахихын маған қарағанда тез аңғаратын. Бұл мәселеде оның зейіні терең еді» деген құнды пікірлерін мысалға келтірді.
Берекелі кеш соңында жамағат ұйымдастырған мешіт ұстаздарына және пайдалы насихат үшін ұстаз Әділхан Оразовқа зор ризашылықтарын білдірді.
ummet.kz