Бүгін «Әзірет Сұлтан» мешітінде Астана имамдарының жылдық жұмыс жоспарына арналған жиын өтті. ҚМДБ наиб мүфтиі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен өткен мәжілісте биыл атқарылуы тиіс ауқымды шаралар жобасы талқыланды.
Бүгінде көпке мәлім, ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бекітуімен екі жыл қатарынан «Дін мен дәстүр жылы» деп аталған болатын. Ел руханиятын жаңа белеске көтеру де Діни басқарманың негізгі төрт бағыты бойынша жалғасуы керектігін жиынды ашқан наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы атап өтті.
«Дін саласындағы қызмет осы басты бағыттар бойынша жүзеге асырылуы тиіс. Атап айтар болсақ, үгіт-насихат жұмыстары, мешіттегі сауат ашу курстары, қайырымдылық шаралары, теріс ағымдармен күрес жұмыстары алдағы жылы да жүйелі түрде жүргізілуі керек. Астана имамдары үшін өткен жылдың нәтижелі аяқталғанын бас мүфтиіміз алқа мәжілісінде айтқан болатын. Бұл, ең алдымен, сіздердің еңбектеріңіз, баршамыздың жұмылы кірісіп, бірігіп көтергеніміздің нәтижесінде орындалды. Осы биігімізден түспей, жаңа жылды да соны серпін, дұрыс ықылас-ниетпен бастайық» деген наиб мүфти негізгі мәселелерге тоқталып өтті. Наурызбай қажы Тағанұлы ұлттығымызды айқындап, дінімізді дәріптеуде өзіндік бағыт-бағдары бар Діни басқарма бекіткен жоспарға сәйкес қала мешіттерінің халыққа қызмет етуде қарқынды әсте бәсеңсітуге болмайтынын ескертті. Жиын барысында мешіттегі және түрлі әлеуметтік, түзеу мекемелеріндегі насихат жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыру, жастарды жат ағым идеологиясынан қорғау мәселелері, жамағаттың ауызбіршілігін арттыру мақсатында спорттық, мәдени іс-шараларды ұйымдастыру сынды салмақты тақырыптар талқыға түсті.
Биылғы басқосу елорда имамдарының жұмыстарын жүйелеп, бірізділікке келтіруімен ерекшеленді. Діни басқарма бекіткен басты бағыттар бойынша жұмыс жоспары айқындалып, мешіт қызметін оңтайлы атқару тәсілдері тарқатылды. Сөз кезегінде имамдар тарапынан да ұсыныс-пікірлер ортаға салынды.
Наиб мүфти сөз соңында Астананың ажарын айшықтап тұрған мешіттердің үлкен мәдениет орталықтарына айналуы керектігін айтып, дін қызметкерлеріне жүктелер жауапкершіліктің салмағын түсіндірді. «Астана – ұлтымыздың, бүтін халықтың, еліміздің айнасы. Осындай жарқын өмірді сүріп отырғанымыз ең әуелі бір Алланың, онан соң ел тыныштығы мен келешегі үшін еткен еңбегі айрықша Елбасымыздың, ел ағаларының арқасында. Бейбіт заман – біздің басты байлығымыз. Мемлекеттік маңызды құжаттар ел президентінің жарлығымен қабылданып, елдігіміздің ертеңі үшін жоспарлар құрылды. Ел руханияты да осы дін өкілдерінің қызмет қарқынына тікелей байланысты болмақ. Дінге қызмет – елге қызмет. Жаңа жылды да жемісті, табысты алып өтулеріңізге тілектеспін» деп, ойын түйіндеді Н.Тағанұлы.
«Нұр Астана» орталық
мешітінің баспасөз қызметі