03
Жұма,
Мамыр

һижри

Әз мейрамның ажарын арттырды (ФОТО)

Мешіт тынысы
Жарнама

Бүгін ұлық мереке әз Наурыздың құрметіне Астана мешіттерінде бұқараның басын қосқан, салт-дәстүрді жаңғыртқан шаралар өтті. Қасиетті жұма күніне орайласқан ұлыс мейрамында қайырымдылық жәрмеңкесі ұйымдастырылып, Наурыз көже, ұлттық ас-тағамдардан ақ дастархан жайылды. 

Елмен етене мешіт имамдары осындай атаулы күндерді бұқаралық сипатта өткізуі бүгінде игі дәстүрге айналған. Қыс құрсауынан шыққан халық Наурыз көжеден дәм татып, ақ дастархан басында дидарласты. Ақылы дария қариялардың өнегелі өсиетіне құлақ асып, ақ батасын алды. Жырдан шашу шашылып, мереке көңілді күймен тербетілді.

Орталық мешіт алаңына жиылған жамағат бүгінгі мерекеде ұлттық ойындар сайысына қатысты. Білекті жігіттер арқан тартысып, күш сынасты. Ойы озық өрелі жастар тоғызқұмалақпен жарысты. Өзіне сенген қайраттылары кір тасын көтеріп, көпшіліктің көңілін көтерді.

Жастардың жігерін жанып, намысын оятқан аламан жарыста жеңіске жетіп, топ жарған жеңімпаздар мешіт атынан арнайы сыйлықтар мен мараптқа ие болды. Дүбірлі додаға жамағатпен қатар, дін өкілдері де қатысып, әз мейрамның ажарын арттырды.


«Нұр Астана» орталық 

мешітінің баспасөз қызметі

Бөлісу: