28
Сенбі,
Желтоқсан

һижри

Әйел жамағатына уағыз жүргізілді (ФОТО)

Мешіт тынысы
Жарнама

«Нұр Астана» орталық мешітінің әйелдер жамағатына «Шайтанның азғыру жолдары» тақырыбында уағыз жүргізілді. Шариғат шеңберінде уағыз айтқан наиб имам Төлеби Оспан адамзат жаратылысы мен шайтанның бұл дүниедегі кесір-кесапаты туралы кеңінен баяндады.

«Бұл өмір жұмақ емес, сынақ мекені болғандықтан, адам затын азғыратын нәрселер көп. Олардың ең үлкені осы жын-шайтан тарапынан болатын азғыру мен адамның нәпсі қалауы. Адам баласы періштеден де, жан-жануарлардан, жын-шайтандардан да ерекше жаратылыс. Алайда, пенде болғасын қателесу, кемшілік әлбетте адам баласына тән. Бұл турасында Алла елшісінен жеткен хабарларда ашық айтылады. Ал нәпсінің қандай тұрпатта болуы сол адамға тікелей қатысты мәселе. Ілгергі ғалымдар нәпсіні бейне бір тұлпарға теңеген. Яғни, тұлпарды баптап, тәрбиелеп, жөнге салсаң мұратыңа сүрінбей жетесің де, еркіне жіберіп, жүгенді бос ұстасаң өзіңді жарға жығасың деген түсініктеме берген. Міне, осы нәпсі қалауын жүгенсіз жібермей тәрбиелеушісі өзіміз болсақ,  адам баласын тәулік бойына сүріндірудің жолын іздеуші – лағынеті шайтан болмақ. Мұндай кедергілерден адам тек берік иман арқылы ғана құтыла алады. Яғни біз әр іс-әрекетімізге шайтанның араласуы мүмкін екенін ескеріп, «Аузу биллаһи минаш-шайтанир-ражим» (Алланың рақымынан қуылған шайтанның кесір- кесепатынан сақтай гөр) деп Алладан дұға етіп, Оның шексіз құдіретінен медет тілесек,  жын-шайтанның адамның көңілін азғырып, түрлі ой салып түрткілегеннен басқа ештеңеге қауқары жоқтығы белгілі» деп наиб имам  тақырыпты кеңінен баяндады.

Ислам діні – адам жанының азығы, Жаратқанға деген кіршіксіз сенім. Халқымыздың ойшылы Шәкәрім Құдайбердіұлы айтқан: «…Келдім қайдан, қайтсем пайдам, өлгеннен соң не болам?» – деген өмірлік сұрақ әр мұсылман баласының көкейінде болатын сауал. Осы өмірлік өлшемдерді арқау еткен Төлеби Оспанның уағызы ата дініміз бен баба салтын қатар өрбітіп, иманы берік елдің берекесі, ырысы мол болатындығын ұқтырғандай.

«Нұр Астана» орталық 

мешітінің баспасөз қызметі 

Бөлісу: