29
Дүйсенбі,
Сәуір

һижри

«Астана асары» аттанды (ФОТО)

Мешіт тынысы
Жарнама

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен Солтүстік Қазақстан облысы, Тайынша ауданындағы су тасқынынан зардап шеккен ауылдарға көмек көрсету мақсатында игі іс қолға алынды.

 «Астана Асары» атты сауапты акцияға елорда жұртшылығы жұмыла үлес қосып, бүгін «Нұр Астана» орталық мешіті алаңынан гуманитарлық жүк тиелген көлік игі сапарға жолға шықты.

Шараға ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы, наиб мүфтилер Серікбай қажы Ораз, Наурызбай қажы Тағанұлы, Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Ершат Оңғаров, діни басқарма қызметкерлері, мешіт имамдары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Бас мүфти бұл бастаманың ел бірлігін арттырып, халықты сабыр мен төзімділікке шақыратынын айтты. «Қазақ халқы қашанда көрші-көлемнің, ағайын-туыстың қуаныш-қайғысында ортақ болған. Асар көпшіліктің күшімен, бірлігінің арқасында іске асырылып келген ізгі үрдіс. Былтыр осы Солтүстік өңірде, Қарағанды облыстарында табиғи апаттан зардап шеккен халыққа Астана халқы бірауыздан жұмылып, көмек көрсеткен еді. Биыл да су тасқынынан қиыншылыққа тап болған отандастарымызға көмектессек деп отырмыз. Астанадан бастау алған шара республика көлемінде жалғасатын болады» деді бас мүфти.

Елордалықтардың жиған қаражаты 3 млн теңгені құрады. Осының 2,7 млн-ға жуығы заттай көмек ретінде, қалғаны аса мұқтаж отбасыларға қаржылай таратылмақ.

Діни басқарма тарапынан қолға алынған қайырымдылық шарасының Астанадан аттанған алғашқы жүк көлігіне 200 отбасыны қамтитын  4 тонна киім-кешек, 10 тонна азық-түлік тиелді.

Бүгінгі игі шараға Астана мешіттері мен ҚМДБ-ның «Зекет» қорының елордадағы өкілдігі атсалысты.

Еске салсақ, өткен жылы ҚМДБ-ның ұйымдастыруымен Қарағанды облысындағы су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға «Қайырымдылық керуені» акциясы аясында 110 тоннаға жуық тұрмысқа қажетті заттар мен азық-түлік жеткізілсе, осы гуманитарлық көмектің 37 тоннасы Астана қаласының тұрғындарының үлесі.


«Нұр Астана» орталық

мешітінің баспасөз қызметі

Бөлісу: