22
Жұма,
Қараша

һижри

Жамағат наиб имамға сый жасады (ФОТО)

Мешіт тынысы
Жарнама

Бүгін жұма намазында «Нұр Астана» орталық мешітінің наиб имамы Төлеби Оспанды жаңа қызметке тағайындалуына орай шығарып салу рәсімі өтті.

Төлеби Оспан Астана қаласының айшықты құлшылық ордасының ашылу кезеңінен бастап он бір жыл қызмет етіп, жергілікті жамағаттың ыстық ықыласына ие болған қызметкер. Осы жылдар ішінде наиб имам орталық мешіттің үлкен мәдениет ордасына айналуына атсалысып, көптеген маңызды іс-шараларды ұйымдастыруға зор үлес қосып келді.

Жуырда Т.Оспан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфтидің бұйрығымен Ақтөбе облысының өкіл имамы қызметіне бекітілді. ҚМДБ наиб мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы еңбегі еленген дін қызметкерін Ақтөбе жұртшылығына таныстырып, тағайындап келді.

Бүгінгі жұмаға жиылған астаналықтар Т.Оспанды шығарып салды. Орталық мешіттің наиб имамы Әділхан Серікбай қызмет бабымен қоныс аударған имамға көрсетілген ілтипат жайына тоқталды. «ҚМДБ наиб мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы осы мешіттке, Астанадағы дін саласының дамуына, ислам дініне қызмет қылған наиб имамға жергілікті жамағаттың атынан арнайы сый-сияпат жасады. Қазақы салтпен иығына шапан жауып, темір тұлпардың кілтін ұстатуды жөн санады. Елдің ықылас-пейіліне бөленген Т.Оспанды біз де шын жүректен құттықтап, тілектестік білдіреміз. Алла Тағала қызметте абыройлы болуды нәсіп етсін» деді Ә.Серікбай.

Наиб мүфти Н.Тағанұлының Алматы облысында іссапарда болуына байланысты орталық мешіттің наиб имамы Әділхан Серікбай осындай игі жаңалықтарды жеткізді. Өкіл имам қызметіне тағайындалған Төлеби Оспанға наиб мүфти Наурызбай Өтпенов пен Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаевтың «Алғыс хаттарын» табыс етті. Сонымен қатар, жұмаға жиылған жамағатты Рамазан айы қарсаңында өтетін «Берекелі Рамазан» рухани кешіне қатысуға шақырды, сондай-ақ жаз маусымында мешіт жанынан балалардың дәстүрлі сауат ашу курсы жұмыс істейтінін хабарлады.


«Нұр Астана» орталық 

мешітінің баспасөз қызметі

Бөлісу: