Бүгін Астана қаласындағы «Кунта қажы» мешітінде қасиетті Рамазан айына арналған қала имамдарының жиналысы өтті.
ҚМДБ наиб мүфтиі, Астана қаласының бас имамы Наурызбай қажы Өтпенов төрағалық еткен отырыста қасиетті Рамазанға дайындық мәселелері талқыланып, жиналыс күн тәртібінде тарауих намазы, Құран хатым, мешіттерді безендіру, пітір садақа және ауызашар ұйымдастыру мәселелері қарастырылды.
«Рамазан – қазақ халқының һәм мұсылман қауымының асыға күтетін айы. Сол себептен, бұқараға осы айда бар мүмкіндігімізді салып, қызмет қылуымыз қажет. Тарауих намазына жиылған жамағаттың, мешіттің қауіпсіздігі мен ішкі-сыртқы тазалығы қамтамасыз етіліп, ауызашар дастарханын жаю жылдағы үрдістен жаңылмай, жалғасуы керек» деді наиб мүфти Н.Тағанұлы.
Наиб мүфти сонымен қатар, «Берекелі Рамазан» атауымен қайырымдылық шараларын ұдайы ұйымдастырып, ізгі істерге көбірек үн қосуға шақырды. Оқу-ағарту бағыты бойынша қала іргесіндегі «Әс-Сәлам» мешітінің дайындық курсына шәкірттер жіберу, мешіттерге бөлінген тағылымдық тәжірибеден өтушілерге бағыт-бағдар беру, сондай-ақ, мешіт жанынан ашылатын жазғы балалар лагерінің жұмысын жүйелі түрле жүргізу мәселелері тарқатылды.
Айта кетсек, биылғы оразаның басталуы 6 маусымға сәйкес келеді. Осыған орай еліміздің барлық мешіттерінде дайындық жұмыстары қызу жүргізілуде. Астананың айшықты құлшылық ордалары маңызды істерден тыс қалмай, қасиетті айдың лайықты өткізілуін басты назарға алып отыр.
«Нұр Астана» орталық
мешітінің баспасөз қызметі