22
Жұма,
Қараша

һижри

Астана имамдарының Әдістемелік кеңесі құрылды (ФОТО)

Мешіт тынысы
Жарнама

Бүгін елорда іргесіндегі «Әлжан ана» мешітінде тұңғыш рет Астана имамдарының Әдістемелік кеңесінің отырысы өтті. Астана қаласы мешіттерінің Әдістемелік кеңесі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының басты бағыттарының бірі – деструктивті ағымдармен күрес жүргізу саласындағы жергілікті ақпараттық-насихат тобы (ЖАНТ) жұмысына қолайлылық тудырып, тиімді тәсілдер ұсынатын әрі әдістемелік қолдау көрсететін қалалық алқалы орган болып табылады.

Айта кетейік, Кеңес қызметі Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңы, Қазақстан Республикасының «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» Заңы, ҚМДБ-ның Жарғысы негізде және 2015 жылдың 19 ақпанында ҚМДБ имамдарының «Ислам – бейбітшілік пен келісім діні» атты І форумында қабылданған «Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасы», «ҚМДБ қызметкерінің этикасы», «Имамның тұлғалық келбеті», «Мұсылманның тұлғалық бейнесі», «ҚМДБ-ның 2020 жылға дейінгі даму Тұжырымдамасы» атты құжаттары  аясында іске асырылады.

ҚМДБ наиб мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы аталмыш кеңес жергілікті ақпараттық-насихат тобының, оның тәжірибелі теолог-имамдары мен мамандарының негізгі консилиумы болып табылатынын атап айтты. «Әдістемелік кеңесті құрудағы мақсат күрделі де нәзік дін саласында тиімді жұмыс атқару, уағыз-насихат жұмыстары әдістемесін жетілдіру, өзіндік стратегиялар қалыптастыру болып отыр. ЖАНТ жұмыстарын одан әрі жандандыру, өкілдікке қарасты қала аумағындағы барлық мешіттерде білікті имамдардың осы бағытта жұмыс жүргізуіне жағдай жасау, проблемаларды анықтау және тұжырымдау әрі оны тиімді тәсілдермен шешу осы Кеңес құзырындағы іс» деген наиб мүфти дін маманының теологиялық кәсіби біліктілігіне басымдық беріліп, дайындығын жетілдіруге жағдай жасалатынын жеткізді.

Кеңес отырысында ЖАНТ жұмысын жетілдіруге ұсынылған теологиялық инновацияларға сараптамалық баға беру, оларды іске асыру кезінде қажетті әдістемелік көмек көрсетуді жүзеге асыру мәселелері жан-жақты қаралды. Бұған қоса, Діни басқарманың жылдық Төралқа мәжілісіне арнайы ұсыныстар дайындау жайы да қамтылды. Сондай-ақ, жас мамандарға әдістемелік көмек көрсету қажеттілігіне де назар аударылды.

Астанада алғаш құрылып отырған әдістемелік кеңес өз жұмысын жариялылық қағидасы негізінде жүргізуімен ерекшеленеді. Онда кеңес мүшелерінің ой-пікірлері мен ұсыныс-пайымдары ескерілетін болады. Ал кеңес мүшелігіне қала мешіттерінің бас имамдары мен ЖАНТ мүшелері енгізіліп, жыл сайын бекітіледі. Кеңес жұмысына психолог, теолог және заңгерлерден құралған арнайы сарапшылар тобы да қатысады.

Жиын барысында Әдістемелік кеңестің қоғаммен байланыс бөлімі бойынша ЖАНТ қызметі, «Ұлағат» теологтар тобы, түзеу мекемелеріндегі жұмыс, деструктивті ағымдармен жұмыс бөлімі бойынша жекелеген кездесулер, мешіттегі дәрістер, және қоғамдық-мәдени шаралар ұйымдастыру тәртіптері талқыланды. Ал БАҚ-пен байланыс бойынша қалалық дін сайттарда имамдар мақалаларын жариялау, телерадио эфирлерінде сұхбат беретін имамдар тобы, «Қаламгер»блогерлер клубы, сонымен қатар, бұқара халықпен жұмыс секциясында діни рәсімдер мен Құдайы ас, неке қию рәсімдері, сәбиге азан шақырып, ат қою бойынша жұмыстар қамтылады.


 

 

 

«Нұр Астана» орталық

мешітінің баспасөз қызметі

Бөлісу: