22
Жұма,
Қараша

һижри

«Мектепке жол» мешіттен бастау алды (ФОТО)

Мешіт тынысы
Жарнама

Ел мұсылмандарының қара шаңырағы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қайырымдылық шараларына үлкен маңыз беріп келеді. Елорда төрінде ҚМДБ өкілдігі, «Нұр Астана» орталық мешітінде өткен «Мектепке жол» акциясы да – осы игілікті шараның бір көрінісі.

Игі дәстүрге айналған бұл акция бас қалада тұратын әлеуметтік тұрмыс-ахуалы төмен отбасы балаларына үлкен қуаныш сыйлады. Шараға ҚМДБ наиб мүфтиі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы, Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Өмірзақ Озғанбаев, Астана қаласы әкімдігі Білім басқармасының бас маманы Тоқташ Абсағатұлы қатысып, оқушыларға оқуда озат болып, білім жолында жетістіктерге жете беруге тілектестік білдірді.

«Білім – сіздердің және еліміздің жарқын болашағының алтын кілті. Осы жолда талмай-тынбай білім алу – сіздердің басты міндеттеріңіз. Қасиетті Құранда білімділердің дәрежесі жоғары, мәртебесі биік болатыны ашық баяндалған. Халқымыз да «білімді – өмірдің шырағы» деп таныған. Ата-аналарыңыздың үкілеген үмітін, сүйікті Отанымыздың сенімін ақтап, білімді болуға ұмтылыңыздар. Жаңа оқу жылы құтты, берекелі болсын!» деді ҚМДБ наиб мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы.

Игі шара аясында 200 оқушы оқу құрал-жабдықтарына, сондай-ақ мектеп формасына қажетті қаражатқа ие болды. Жыл сайынғы оқу маусымына дайындық жасауға мүмкіндіктері шектеулі, көпбалалы отбасыларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға демеу болу мақсатында ұйымдастырылған акция республика көлемінде, облыс, аудан-аймақтарда да өткізілмек.

Жаңа оқу жылы қарсаңында қуанышқа бөленген балғындар мен ата-аналар өз кезегінде сауапты шараға ұйытқы болған «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы мен барша дін қызметкерлеріне, қала әкімдігіне ақжарма алғыс-тілектерін айтты.

 

«Нұр Астана» орталық 

мешітінің баспасөз қызметі

Бөлісу: