22
Жұма,
Қараша

һижри

Жұма насихаты жаңа форматта (ФОТО)

Мешіт тынысы
Жарнама

Жұма – мұсылман қауымы үшін қасиетті күн. Бұл күні иісі мұсылман жамағаты мешіттерге ағылады. Қиямда сап түзеп, тізе түйістіреді. Сәждеге бас қойып, Алладан бірге дұға-тілек жасайды.

Осынау күні Алла Тағалаға сансыз мақтау-мадақтар айтылып, Оның Елшісі Мұхаммед пайғамбарымызға (с.а.с.) сауалаттар жолданады. Ислам құндылықтары насихат етіледі. Әлмисақтан мұсылман қазақ жұрты да жұма намазында жиылып, құлшылық-ғибадатын орындайды. Мешіт мінберлерінде елордалық дін қызметкерлері дәстүрлі діни құндылықтар тақырыбында тұщымды уағыз жүргізіп, Құран аяттары мен Пайғамбар (с.а.с.) хадистерінен халыққа жақсы бір өнеге-өсиет айтады.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы соңғы жылдары республика мешіттерінде айтылатын жұма уағыздарын бірізді жүйеге түсіріп, соның нәтижесінде «Жұма уағызы» кітабы жарық көрді.

«Нұр Астана» орталық мешіті оң бастаманы одан әрі жалғастырып, әр жұма күні айтылатын уағыздың арнайы парақша-буклеттерін әзірлеп, игі бір іске ұйытқы болды. Осы аптада «Бала тәрбиесі» турасында имам тарқатып айтқан жұма уағызы парақшасы мешітке жиылған халыққа таратылды.

Жамағат өз кезегінде мұндай бастаманың маңызды екенін айтып, өз ризашылықтарын танытты. Бала тәрбиесі ислам дінінде, сонымен қатар қазақ танымында да өте өзекті іс, маңызды міндет. Ұлын ұяға, қызын қияға қондыруды әрбір ата-ана мұрат ететіні белгілі. Асыл шариғатымыздағы бала тәрбиесі хақындағы қағидалар, өнеге-өсиеттер мен ұлт танымындағы ұстанымдар жұма уағызы парақшасында қамтылған. Әрбір оқырманның іздегеніне жолықтырып, қажетіне жарайды деген сенім мол.

Айта кетсек, жұма уағызы кітапшалары әр аптада осылайша жұртшылыққа жүйелі түрде таратылатын болады.

Jum1

Jum2

Jum3

«Нұр Астана» орталық

мешітінің баспасөз қызметі

Бөлісу: