29
Жұма,
Наурыз

һижри

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ: ҰЛТ РУХАНИЯТЫ – ҰЛЫ МҰРАТ

Мешіт тынысы
Жарнама

Алты алаштың арманы болған тәуелсіздікті тұғырына қондырып, жиырма алты жыл мығым ұстаған Қазақстанның болашаққа бағытталған нақты  жоспары мен мақсат-мұраты Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласынан кезекті рет айқын көрініс тапты.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайын республика халқына Жолдау жасап, ел дамуының деңгейі, бағыт-бағдары туралы кеңінен баяндап келеді. Игі үрдіс Мемлекет басшысының биылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында жалғасты. Онда Қазақстан Президенті еліміз үшін айрықша екі процесті – саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды басты мақсат етіп қойды. Елбасымыз айтқандай, бүгінгі Қазақстанның алға қойған мақсаты айқын, бағыты белгілі, әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылу. Мемлекет басшысы еліміздің ертеңі үшін бүгін қабылданған құжаттардағы мақсат-міндеттерді атқарудың мүмкіндіктері мол екенін атап көрсетті. Осы ретте мұны толықтыратын күш – Қазақстан азаматтарының іс-әрекеттен ой-санасы озық жүруі екенін ерекше ескертіп отыр.

Иә, рухани жаңғыру да, расында, бүгінгі күнмен басталмасы белгілі. Елбасымыздың ерен еңбегі мен салиқалы саясатының арқасында бұл бағытта тәуелсіздік жылдарында орасан зор жұмыстар жүзеге асты. Халқымыз үшін аса маңызды тарихи-мәдени ескерткіш-нысандар «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында қайта жаңғырды. «Халық – тарих толқынында» бағдарламасы төл тарихымызға қатысты құжаттарды жүйелеуге жол салды. Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында осы сынды салмағы ауыр, жауапкершілігі жоғары іргелі жұмыстардың ауқымы арта түсетінін баса айтты. Бұл реттегі жұмыс нәтижесі мемлекетіміздің мықты, халқымыздың біртұтас Ұлт болып қалуы үшін болашаққа бастар қадамымыз бен қауқарымыздың қандай боларына байланысты екенін айтып, бұқаралық сананы өзгерту туралы тұщымды көзқарастарын ортаға салды.

Елбасы бүгінгі дөңлегенген дүбірлі дүниеде қоғамда қалыптасқан, сана-сезіміміз бен дүниетанымызға сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылуға маңыз аударды. Онсыз басты бағдарымызға қол жеткізіп, көш басындағы елдермен терезе теңестіріп, иық түйістіру мүмкін еместігі де анық. Ол үшін заман ағымына икемделіп, жаңа дәуірдің жағымды жаңалығын алып, игіліктерін сіңіру де қажетті қадам. Қазақстан Президенті осы орайда ХХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгісінің бүгінгі заманның болмысына сай келмеуінің сырына өзгеше үңіліп, соны пікір білдірді: «Меніңше, басты кемшілігі – олардың өздеріне ғана тән қалыбы мен тәжірибесін басқа халықтар мен өркениеттердің ерекшеліктерін ескермей, бәріне жаппай еріксіз таңуында. Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай.   Бірақ, ұлттық кодымды сақтаймын деп бойыңдағы жақсы мен жаманның бәрін, яғни болашаққа сенімді нығайтып, алға бастайтын қасиеттерді де, кежегесі кері тартып тұратын, аяқтан шалатын әдеттерді де ұлттық сананың аясында сүрлеп қоюға болмайтыны айдан анық.   Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық  дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет» деп, Елбасы жаңғыру үрдісі ұлттың рухани тамырынан нәр алуын шарт қойды. Онсыз адасу да оп-оңай. Халқымыздың тағылымды тарихы мен ықылым заманнан үзілмей келген ұлттық салт-дәстүрлері Қазақстанның болашаққа сеніммен қадам басуы үшін үлкен өркениет діңгегі іспеттес. Елбасы осыған сенім артты.

Мемлекет басшысы ұлт санасын жаңғыртудың «Бәсекеге қабілеттілік», «Прагматизм», «Ұлттық бірегейлікті сақтау», «Білімнің салтанат құруы» және «Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық жолмен дамуы» секілді басты бағыттарын атап өтті. Жаһандану үдерісінің бүкіл әлемде жүруіне байланысты қазақ халқының осынау көштен өз өркениетіне пайдалысын алып, елді дамытудың тетіктерін іздеуі тиісті екенін ескеріп, бұл жолда әрбір ғылым, кәсіп, әр салада иық теңестіріп, озық тұруға қабілетті болуға шақырады. Ал ол үшін қанға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидалардан арылу қажеттігін, онсыз жаңғырудың әсте мүмкін еместігін есте ұстағанымыз жөн. Ата-бабамыздың талайғы ғасыр ұлан-байтақ жерімізді көздің қарашығындай ұстап, қадірлеуі, оны орынды жұмсай білген теңдессіз экологиялық өмір салты бүгінгі ұрпаққа үлкен үлгі, өшпес өнеге. Елбасы баба дәстүрін жаңғыртудың осындай жарқын жолына назар аудартты.

Ұлт тұтастығын, яки бірегейлігін сақтау да қазіргі күнде аса маңызды міндеттердің бірі саналады. Мемлекет басшының пайымына тереңдей үңілсек, бұл бағытта біздің алдымызда ұлттық сана-сезім көкжиегін кеңейту және ұлттық болмыс-бояумызды сақтай отырып, бірқатар сипаттарды жетілдіру алға шығады. Бүгінгі таңда салтанат құрған жаңғыру үлгілерін жаппай игеру ұлтымыз үшін зиянды қадам екені анық. Бұл ретте әр мемлекеттің өзінің дербес даму үлгісін қалыптастыруы ғана алға қойған мақсатқа жетелейді. Ол үшін ұлттық салт-дәстүр, тіл мен діл, әдебиет мен мәдениет, жалпы ұлттық руханиятымызды сақтауға да көңіл қойып, баса назар аударуымыз міндетті болмақ.

Тәуелсіз Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы турасында Мемлекет басшысы еліміз үшін бірқатар бағдарламалар мен жобаларды негізге алды. Осында айтылған «Туған жер» бағдарламасы әрбір азаматтың бойында Отансүйгіштік сезімін нық бекітіп, мемлекетке берілген елжанды тұлғаны қалыптастыру үшін үлкен маңызға ие. Себебі, бүтіндей Отанға деген махаббат адамның өз  отбасын, туыстарын, туған жерін жақсы көруінен бастау алады. Бұған қатысты асыл шариғатымызда «Отанды сүю – иманнан» деген нақыл бар. Дін мен дәстүрді сабақтастырған қазақ танымында Отанның, туған жердің қадірі жоғары, бағасы асқақ. Имандылық салтанат құрған уақытта қоғамның тұтастығын да қамтамасыз етерімізге тарихтың өзі кепіл. Тарихымыздағы тұлғалар иманжүректі, елжанды болғаны баршамызға белгілі. Имандылық – бірлікке, бірлік – барша жұртты жұмыла игіліктерді игеруге жетелейді. Біз атадан мирас осы құндылықтарды қайта жаңғыртып, жас ұрпақ санасына сіңіруді маңызды деп білеміз. Бұл ретте Қазақстан Президенті ел жадында өте маңызды – жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруді көздеді. Осының аясында қамтылған «Қазақстаның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобалары, расында, қазақ халқының қасиетті тарихын одан әрі тереңдей тануға, өркениетімізді келер ұрпақ жадында қайта жаңғыртуға септеседі. Себебі, көпке мәлім, қазақ – рухани мұраларға, тарихқа аса бай ел. Сөзсіз, осынау тарихымызға тиесілі көркем, рухани, қастерлі жерлерді таныта түсетін бұрын-соңды болмаған біртұтас желі жасау қажет іс. Игі идеяның түп төркіні Ұлытау төріндегі жәдігерлер кешені, Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Тараздағы ежелгі ескерткіштер, киелі Маңғыстау атырабындағы Бекет ата кесенесі, Алтайдағы көне қорымдар мен Жетісу жеріндегі қасиетті орындарды сабақтастыра отырып, ұлт руханиятын көтеруге арналған біртұтас жүйе құруға бағытталған.

Елбасы елеп өткен, еліміздің еңселі, дамыған елдермен тең дәрежеге жеткізу мақсатында ұсынған іргелі жобалары бізге терең ой салды, үлкен жауапкершілік жүктеді. Жаңа жаһандық үдерістің әлемге жайылуы біздің мемлекет үшін де болашаққа бағдар жасап, өз бағдарламасын бекітуді қажет етеді. Заманға сәйкес жаңғыру бүгінде барша мемлекеттің алдында тұрған міндет. Екі дәуір тоғысқан сындарлы кезеңде ұлттық негізімізді сақтай отыра, түбегейлі жаңғыру мен рухани өркендеудің, баянды болашаққа нақты қадам жасаудың тарихи мүмкіндігін Мемлекет басшысы айрықша анықтап, халыққа жолдады. Біз Елбасымыздың рухани жаңғырудың болашақ бағдарына арнаған осынау мемлекеттік маңызы айрықша ҰЛТ ЖОСПАРын бірауыздан қолдап, жұмыла жұмыс жасауымыз міндет деп түсінеміз. Ұлт руханиятын мәңгілік ел идеясы негізінде сақтап, келешекке кемел түрде жеткізу жолында баршамыз жан аянбай тер төгіп, еңбек етуіміз ләзім. Алла Тағала еліміз бен жеріміздің амандығы, халқымыздың бақытты да баянды ғұмыры үшін өмірін сарп етіп, қалтқысыз қызмет етіп жүрген Елбасымыз бастаған барша азаматтарға жар болсын деп тілейміз. Алла Тағаланың тағдырымызға жазған тәуелсіздік атты тартуын сақтау барша азаматқа асыл міндет. Алла осы тәуелсіздігімізді тұғырлы, болашағымызды баянды қылғай. Әмин.

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

Қазақстан мұсылмандары

діни басқармасының наиб мүфтиі.

Бөлісу: