23
Сенбі,
Қараша

һижри

Астанада "Берекелі Рамазан" ауызашары өтті

Мешіт тынысы
Жарнама

Кеше «Нұр Астана» орталық мешіті, қалалық Дін істері басқармасы және «Зекет» қорының ұйымдастыруымен елордалық зиялы қауым өкілдеріне ауызашар берілді. Қоғам қайраткерлері, өнер майталмандары, белгілі ақын-жазушылар мен журналистердің басын қосқан «Берекелі Рамазан» кешінің шымылдығын ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы ашты.

«Алла Тағала ұстаған оразамыз, қайырлы амалдарымыз, қылған дұғаларымыз бен оқыған намазымызды толық күйінде қабыл етсін! Қазақта ащы да болса шын айтылған мақал бар: Ораза, намаз – тоқтықта. Құдай сақтасын елімізден тыныштық қашып, аласапыран болса, тамақ жоқ, аштық жайласа, ғибадатыңнан айрыласың. Бейбіт елде ғана намазды емін-еркін оқып, оразаны алаңсыз ұстай аласың. Аллаға шүкір, қазір  2600-ге жуық мешітіміз бар, бәрінің есігі айқара ашық. Тек қана біз осы нығметтің қадірін түсініп, ынтымақ бірлігімізді сақтауымыз керек» дей келе Ержан қажы Малғажыұлы егемендігіміздің үстем болуын тіледі. Сондай-ақ, бас мүфти Рамазан айының соңғы онкүндігінің артықшылығына тоқталды. «Осы түндері мың айдан да қайырлы Қадір түні жасырылған. Бұл түні Алла тағала пенденің тәубесін қабыл етеді, жақсылығына сауабын еселеп береді. Бір ғана түнде істеген жақсы амал оның 83 жылдық құлшылығына тең болады. Ойлап қараңызшы, Қадір түніндегі намазыңыз – ғұмыр бойы намаз оқығаныңызбен бірдей,  мұсылман адамға жай ғана күліп қарасаңыз да, өмір бойы күліп жүргендей мол сауапқа кенелесіз» деп алдағы санаулы түндерден Қадір түнін үмітпен күтіп, құлшылықты көбейту керектігін қадап айтты.

Қасиетті Рамазан айының құндылығын насихаттаған рухани кеш барысында ұлттық өнерге де кезек беріліп, жарапазан айтылды, тағылымы мол жыр термелер шырқалып, қазақтың қара домбырасы күмбірледі. Жалпы,  еліміздегі мешіттерде қазақ дәстүрі кеңінен дәріптеледі. Дін мен салтты ұштастырып, жастарды имандылық пен инабаттылыққа шақыру мақсатындағы игі істер үздіксіз атқарылып жүр. Мәселен, 2013 жылы «Дін мен дәстүр» кітабы жарық көріп, көпшіліктің оң бағасын алған еді. Ауызашар дастарқанында күні кеше аталмыш кітаптың екінші бөлімінің тұсауы кесілгендігі сүйіншіленді. Діни басқарма басшылығы дін жолындағы жұмыстар алдағы уақытта да осы бағытта жалғасатынын мәлімдеді.

Хадис шәрифтерде Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Ауызашарға асығыңдар» дегені момын мұсылманның әрқайсына белгілі. Ауызашарға ертерек жиналған меймандардың біразын әңгімеге тартып, ой-пікірін сұрап та үлгердік. Соның бірі белгілі айтыскер ақын Балғынбек Имашев:

- Рамазан айы – расында да, әрбір мұсылман үшін ерекше құрметті, бағалы, асығып күтетін, сағынып жететін, қимай қоштасатын мүбәрак ай ғой. Өте жылдам өтіп кетуімен, берекесімен ерекшеленеді. Биылғы Рамазан өзім үшін көзді-ашып жұмғанша зырылдап өтіп жатыр. Соңғы онкүндігіне де келдік. Қадір түнін соңғы он түннен іздеңдер деген ғой. Сондықтан жиырма бірінші түннен бастап уақытымызды мешітте өткізуге тырысамыз. Тарауық намазына барғаннан мешіттен таң намазын оқып бір-ақ шығамыз. Ержетіп қалған балаларымызды да мешітке өзімізбен бірге ертіп, иман негіздеріне үйретіп жатырмыз. Қадір түні тағдырлар айқындалады, құр өткізіп алмасақ екен ең бастысы, - деп баршамызға келесі жылдың Рамазан айына тақуалықпен жетуді тілейтінін айтты.

«Нұр Астана» орталық мешіті ауызашар жиынының барынша мағыналы өтуі үшін мейрамхананың «Led» экраннан Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистерін насихаттады.

Ал, корпоративтік «Зекет» қорының Астана қаласы өкілдігі өткізіліп жүрген игі шаралармен таныстырып, қонақтарды жақсылық жасауға шақырды. Соның бірі – «Всем миром на квартиру!» жобасы. Бұл жоба «Фейсбуктағы 4331 досым 2000 теңгеден берсе, 8 662 000 теңге жиналады. Егер осы ақша жиналатын болса, Астанадан бір мұқтаж отбасыға екі бөмелі пәтер алып береміз» деген ұранмен әлеуметтік желіде кеңінен таралып, қуанышымызға орай, көпшілік қолдауына ие болып жатыр. Ауызашарға жиналған зиялы қауым өкілдері бұл игі істі жарнамалап алға тартса, қажетті қаражат жылдамырақ жиналатыны сөзсіз. Мәселен, кеше ғана фейсбук желісінде белгілі ақын Қалқаман Сарин осы жоба туралы пост жазып, сауапты істің кеңінен таралуына түрткі болғанын көрдік. Жазылған пікірлер де қуантарлық. «Бұл жобаны үлкейтейік. Миллион қазақ қалай болғанда да ғаламторда ауызбіршілікті нығайтайық» деп жазыпты Нұрмұхаммед есімді қолданушы. Ал, Алтыншаш Карибаева деген азаматымыз «Тамаша бастама. Ай сайын 2000 садақа ретінде әр қазақ салып тұрса, қаншама отбасы үйлі болар еді» деген қолдауын білдіріпті.

Ауызашар дастарқанында сөз алған «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы да «Бір-біріңізге сыйлық жасаңыздар, араларыңызда құрмет артады» деп Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисін жеткізіп, жақсы істерге жұдырықтай жұмылуға шақырды.

 Берекелі жиында қоғам қайраткері, филология ғылымының докторы, профессор Әділ Ахметов Құран Кәрімнің кереметі жайында ғылыми дәйектермен тағылымды әңгіме өрбіте келіп, сөз соңында дәм қайырып, көпшілікке ақ батасын берді.

Мәдина ЖАҚЫП

IMG 1913

IMG 1916

IMG 1918

IMG 1923

IMG 1933

IMG 1937

IMG 1944

IMG 1953

IMG 1954

IMG 1962

IMG 1980

IMG 2006

IMG 2018

IMG 2046

IMG 2054

IMG 2056

IMG 2102

IMG 1856

Бөлісу: