26
Жұма,
Сәуір

һижри

Наиб мүфти аудан имамдарына куәлік тапсырды

Мешіт тынысы
Жарнама

Бүгін ҚМДБ наиб мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы Діни білім және кадр дайындау орталығында білім жетілдірген имамдардың алғашқы легіне куәлік тапсырды.

2017 жылдың 9 қазанынан бастап 30 қарашаға дейін республика бойынша аудандардан келген 60 имам «Әлжан ана мешіті» жанындағы Имамдарды кәсіби қайта даярлау және біліктілігін көтеру республикалық орталығында оқып шықты.

«Қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту. Қоғамды дерадикализациялау» атты біліктілікті арттыру курсына қатысқан дін қызметкерлері бүгін оқу бағдарламасына сай 384 академиялық сағат дәріс тыңдап, сынақ тапсырғандығын растайтын куәлік алды.

IMG 1310

IMG 1349

Аудан имамдары екі айға жуық мерзімде Құран, хадис ілімдерінен бөлек шешендік өнер, бухгалтерлік есеп жүргізу, дін қызметкерінің этикасы, халал стандарт, психология, діндер тарихы, діни талас-тартыс мәселелері сынды пәндерден дәріс тыңдады.

Осы уақыт ішінде имамдарға ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы, наиб мүфтилер Серікбай қажы Ораз бен Наурызбай қажы Тағанұлы, "Халал стандарттау және Қажылық" бөлімінің меңгерушісі Бейбіт Мырзагелдиев, арнайы комиссияның таңдауымен елімізге танымал ғалымдар, профессорлар мен докторлар, өз саласының білікті мамандары сабақ берді.

Атап айтқанда, имамдар әлеуметтік-экономикалық, жалпы білім беру, жалпы кәсіптік, арнайы курстардан және өндірістік оқыту мен кәсіптік практикадан өтті. Курс аясында саясаттану және әлеуметтану негіздері, Қазақстандағы мемлекет және дін қатынасы, қазіргі заман тарихы, педагогика және психология, араб тілі, діни қызметкердің этикасы, ислами ағымдар, діни философия сынды пәндер оқытылды.  

IMG 1393

«Мүфтияттың діни кадр дайындау саласы бойынша маңызды жұмыс бағыттарының бірі – ХХІ ғасырдың талабына лайықты имамдар корпусын қалыптастыру. Бүгінгі имам діни әрі зайырлы білімді меңгерген жан-жақты болуы тиіс. Әрбір мешіт қызметкері түрлі саладағы қоғам тұлғаларымен тең дәрежеде сұхбаттаса алатын рухани көшбасшыға айналуы қажет. Қазіргі имамдарға талап күшейді. Бұл 2 айлық курстың мақсаты да - үздік имамдар тобын құру еді. Білімдеріңіз бен тәжірибелеріңізді шыңдаған курсты тәмамдауларыңызбен құттықтаймын. Ғылымның әрбір саласынан хабары болған дін қызметкері кез келген адамға өз деңгейінде уағыз айта алады. Сіздердің әрқайсыларыңыз дінге қызмет жолында биік дәрежеге жетулеріңіз қажет. Алла Тағала алып жатқан білімдеріңізге сай амал етіп, елдің игілігі үшін қызмет ете беруді нәсіп етсін» деді наиб мүфти, Астана қаласының бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы. 

Мәдина ЖАҚЫП

Бөлісу: