05
Жексенбі,
Мамыр

һижри

Асқар Әбітайұлы: «Ынтымақ – бұзылмайтын қорған»

Мешіт тынысы
Жарнама

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Бейбіт қоғамның негізі ауызбірлік және түсіністікпен қаланады, ал,  «ынтымақ — бұзылмайтын қорған».

«Үмметім, үмметім» деген Пайғамбардан (с.ғ.с) үлгі алған халқымыз «дін қарындасым», «бауырым» деп көптің қамын жеген. Батасына қосып, тілегінен тастамаған. Ал, басқа халықтармен мәміледе «Кітап иелерімен ең көркем түрде, сыпайылық пен әдептілік сақтап пікір таласыңдар»,-деп әмір еткен Құран аятын басшылыққа алып, өзге дін өкілін де сыйлап, құрметтеп отырған. Басқа жақтан қысым көріп келген әртүрлі ұлт өкілдеріне құшағын жайғаны да осының айқын айғағы. Бұл аяттан қоғамдағы діні басқа адамдармен де көркем қарым-қатынас жасау – әрбір мұсылманның асыл қасиеті, жақсы сипаттарының бірі екенін аңғарамыз. Ұлт ұлағатына жүгінсек, халқымыздың адамдарды нәсіліне, дініне, көзқарасына бөлмей «ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» деп көршісі кім болса да, онымен сыйласып, дәм-тұз айқастырып, жоқ-жітігіне қарайласып, достық қатынасты жоғары қойған.

Ғасырлардан бері ұласып келе жатқан тағылымы мол үрдіс әлі де өз жалғасын тауып, елімізде сақталып келеді. Қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық – біздің байлығымыз!  Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында ел ішінде қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығы жылдан-жылға өркендей түсуде. Осының айғағы жылда тойланатын Қазақстан халықтарының бірлігі күні - 1 мамыр.

Баршаңызды осы айтулы мерекемен құттықтай отырып, әрбір шаңыраққа Алланың мейірі жаусын, ұрпағымыз салихалы болсын, Алла Тағала халқымыздың бірлігі мен берекесін арттырып, болашаққа басқан қадамымызды берекелі етсін деп тілеймін! Тілегіміз қабыл, мұратымыз асыл болғай! Әмин!

 

 

Құрметпен,

ҚМДБ-ның Астана

қаласы бойынша өкілі,

«Нұр Астана» орталық

мешітінің Бас имамы Мұқанов А.Ә.

Бөлісу: