16
Дүйсенбі,
Қыркүйек

һижри

Бас мүфти «Ұлттық балаларды оңалту орталығында» қайырымдылық шарасына қатысты

Бас мүфти «Ұлттық балаларды оңалту орталығында» қайырымдылық шарасына қатысты

Жаңалықтар
Жарнама

5 қыркүйек – Халықаралық қайырымдылық күніне орай бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы «Өмірге үміт сыйла» жобасы аясында елордадағы «Ұлттық балаларды оңалту орталығында» қайырымдылық іс-шараға қатысты.

ҚМДБ «Зекет және қайырымылық» қорының ұйымдастыруымен өткен игі шарада Бас мүфти орталықта ем алушы балаларға тез сауығып кетуін тілеп, оларға қажетті құрал- жабдықтарды табыстады.

«Асыл дінімізбен және ата-баба дәстүрімен бірдей жасап келе жатқан халқымыздың бірден-бір құндылығы – қайырымдылық. Бүгін бүкіләлемдік қайырымдылық күні қарсаңында өздеріңізбен жүздесіп, балаларға арналған сыйымызды да ала келдік. «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көрерсің» демекші, адам баласының өзге бауырына жасаған әрбір жақсылығы өзіне екі дүниеде де пайда береді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты «Зекет және қайырымдылық» қоры игі істерінің қатарында сырқатқа шалдыққан балаларды қолдау мақсатында «Өмірге үміт сыйла» акциясын тұрақты түрде ұйымдастырып келеді. Елдің ертеңі – бүгінгі бүлдіршіндеріміздің дені сау болғай» деді ҚМДБ Төрағасы.

Сондай-ақ Бас мүфти орталықты аралап, ем-шара өтетін бөлмелердегі жұмыс процесімен танысты. Одан бөлек, балалардың өнерін тамашалап, кішкентай сәбидің тұсаукесер рәсімін өткізді. Орталық қызметкерлері, емделуші балалар мен олардың ата-аналарына батасын беріп, 300 балаға тәттілер таратты. Сонымен бірге биыл мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндерге оқу құралдары табысталды.

Айта кетейік, Бас мүфти бастамасымен ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қоры медицналық орталыққа демалыс бөлмесіне қажетті кілем, теледидар,  диван,  8 дана бизиборд (баланың моторикасын дамытатын құрал), 52 дана төсек үстелі (тумбочка), 4 мүгедектер арбасы, 3 ауыр науқастарға арналған кресло дәретханасын тарту етті. Ерекше атап өтетін жайт, 52 дана төсек үстелі «Zeket Hub» қайырымдылық орталығының жиһаз жасау цехында әзірленген.

«Ұлттық балаларды оңалту орталығында» жыл сайын 4400 ерекше бала оңалтудан өтеді. 16 жыл ішінде 66 059 бала сауықтырылды. Оның ішінде 34 640 бала әлеуметтендірілді (75%). Орталықтың қызметі көпсалалы оңалтудың үш аспектісін қолдануға негізделген: медициналық оңалту, педагогикалық түзету, әлеуметтік бейімделу.

Бөлісу: