Ғарифолла Есім: Әл-Фараби мен Абай мұрасы теңіз іспетті

Ғарифолла Есім: Әл-Фараби мен Абай мұрасы теңіз іспетті

Ел іші
Жарнама

Рамазан парақшасы

6 наурыз. Нұр-Сұлтан. Ummet.kz – Бүгін Семейде ҚМДБ мен Шәкәрім атындағы университет ұйымдастырған республикалық конференция аяқталды, деп хабарлайды ҚМДБ баспасөз қызметіне сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.

«Хакім Абай мұрасының Ислам құндылықтарымен сабақтастығы» атты алқалы жиынға университет ректоры Мейір Ескендіров, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, белгілі ғалым Ғарифолла Есім, дінтанушы Мұқан Исахан және өңірдегі имамдар қатысты. Осы шарада сөз алған қоғам қайраткері, академик, абайтанушы Ғарифолла Есім «ҒҰЛАМА ӘБУ НАСЫР ӘЛ ФАРАБИ МЕН ХАКІМ АБАЙ МҰРАСЫНЫҢ РУХАНИ САБАҚТАСТЫҒЫ» тақырыбында арнайы баяндама жасады.

«Биыл өздеріңізге мәлім, әл-Фараби бабамызға – 1150 жыл. Бұл дегеніміз – 11 ғасыр. Осыншама уақыт ішінде алып империялар жойылды. Мемлекеттер жойылды, халықтар жойылды. Адамзат баласы он бір ғасыр ішінде аласапыран күндерді бастан кешті. Қазақ айтады, «Ел болса, ерін табады» дейді. Қазақ елінің күшейгендігі, ұлт болып қалыптасуының дәлелі сол өзінің 1100 жыл бұрын өмір сүрген бабасының тойын тойлап отыр. Еуропаны қарап шығыңыз, қайсы ел 1100 жыл бұрын өмір сүрген бабасын іздеп жатыр? Ондай бабасы бар ма екен? Бізде тарихи ес жойылған жоқ.

Енді мына қызықты қараңыз. Әл-Фараби мен Абай екеуі бір үстел басында сөйлесіп отырғандай. Араларында 11 ғасыр. Бірінің сөзін бірі айтып отыр. Әбу Насыр бастайды, Абай қостайды. Екеуінің арасында 11 ғасыр уақыт болмаған сынды. Екеуі бір-бірімен сөйлесіп, сырласып отырғандай. Әл-Фараби қойған сұраққа Абай да дер кезінде жауап береді. Кезінде Фараб жерінен шыққан осы ойшылдың артынан ибн Сина, Қашғари, Имам Ғазали, Қожа Ахмет Яссауи, Баласағұн, Абай, Шәкәрім, Мұхтар шықты. Ортада қаншама саяси жағдайлар, аумалы-төкпелі күндер өтсе де, бұл біздің алтын қазығымызды жоғалтқан жоқ. Бұларды бұзбай келген нәрсе, ол – дін.

Әл-Фараби «Дін деген –білім» депті. Біз осы мәселеде шатастық. Ал бұлар дінді білім деді. Сол арқылы өркениетке қарай жүрді. Сіз Пифагор теориясын білмей Пирамиданы сала алмайсыз. Пи-ды білмей бұрышты шығара алмайсыз. Ал Египеттегі 118 Пирамиданың бір де бірі әлі құлаған жоқ. Осы мен атаған ақылды адамдар қай елде бар?

Әл-Фараби бабамыз Алла туралы «Ол – біртұтас. Өмір сүруге  тәуелді болатындай ештеңеге мұқтаж емес. Ол адамның денесі сияқты емес» деп суреттейді. Ал Абай не дейді?

Әуелі аят, хадис — сөздің басы, 

Қосарлы бәйітмысал келді арасы.

Қисынымен қызықты болмаса сөз,

Неге айтсын пайғамбар мен оны Алласы, - дейді. Міне, осыдан-ақ әл-Фараби мен Абай, Шәкәрім арасындағы байланысты толық аңғарамыз. Ең бірінші Алланы тану керек дегенге тоқтайды. Бұлардың айтпағын түсінбей, заманға лақтыра салсаң, заман көтере алмайды. Сондықтан осынау ойшылдардың еңбегін абайлап жеткізу керек» - деп түйіндеді сөзін академик Ғарифолла Есім.

Айта кетейік, бүгінгі конференция соңында арнайы Үндеу жарияланды. Оны Абай ауданының бас имамы  Болат Нұрболатұлы оқып берді.

mni10

mni5

mni11

Бөлісу: