23
Сенбі,
Қараша

һижри

Танымал журналист Бейсен Құранбек дүниеден озды

Танымал журналист Бейсен Құранбек дүниеден озды

Ел іші
Жарнама

18 мамыр. Нұр-Сұлтан. Ummet.kz – Бүгін Талдықорған қаласында белгілі журналист, тележүргізуші Бейсен Құранбек ауыр науқастан көз жұмды.

Бейсен Құранбек 1971 жылдың 9 желтоқсанында Алматы облысы, Кербұлақ ауданы, Қызылжар ауылында дүниеге келген. Ұлттық арнадағы "Айтуға оңай", "Қарекет" бағдарламаларының жүргізушісі болған. Соңғы жылдары "Жетісу" телеарнасының директоры қызметін атқарды.

Халықтың жүрегінен орын алған арда азаматтың қазасы дүйім елге ауыр тиді.

Назарларыңызға Бейсен Құранбектің өткен Рамазан айт мерекесінде инстаграм парақшасында жариялаған жазбасын ұсынамыз:

«Кеше түнде футболдан әлем чемпионатының ашылуы мен алғашқы ойынның қорытындысын шолып отырмын. Бір кезде жанарым – экранда болғанымен, ішкі назарым өткен Оразаға шолу жасап отырғанын сезіп қалдым. Бұлай теңеген дұрыс болмауы мүмкін, бірақ, маған футбол мен Ораза ұқсас секілді көрініп кетті.

Футбол-бәсеке, сын. Екі команда ұзақ уақыт дайындалады, жеңіс үшін жандарын салады. Мұнда бақ деген көп рөл атқара бермейді. Бабы келіскені ғана жеңеді. Жеңгені барлық марапатты алады. Жеңілгені – қалады.

Ораза да сын. Әр адамның кеудесіндегі Рух пен Нәпсінің айқасы. Көбіміздің бойымыздағы Рух 11 ай бойы ұйықтап жатады. Жаттықпаған, шынықпаған тезге түспеген дүниенің бос, сылбыр тартатыны бар емес пе? Оның қарсыласы Нәпсі болса, жыл он екі ай бабында.Сондықтан да шығар, әлімсақтан ең құдіретті күш болғанымен, Рухтың кей кездері ұтылып жататыны...

Бүгін – Айт. Ұлық мереке. Отыз күндік ақиқи, адами, рухани сынның қорытындысы. Айттарыңыз қабыл болсын! Келесі оразаға ел-жұртымызбен аман-есен жетейік. Жыл бойы Рухқа тілектес боп, біз де Нәпсіні 5:0 етіп жеңейік!»

Жазба тележүргізуші Дана Нұржігіттің инстаграм парақшасынан алынды.

 

1

4

6

7

Бөлісу: