22
Жұма,
Қараша

һижри

Нұр-Сұлтан әкімдігі Нұр-Мүбарак студенттеріне 14 грант бөлді (ФОТО)

Нұр-Сұлтан әкімдігі Нұр-Мүбарак студенттеріне 14 грант бөлді (ФОТО)

Ел іші
Жарнама

19 қыркүйек.Нұр-Сұлтан.Ummet.kz – Биыл алғаш рет Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Нұр-Мүбарак университетінде оқитын 14 студентке грант бөлді, деп хабарлайды ҚМДБ баспасөз қызметіне сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.

Осыған орай ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Нұр-Сұлтан қаласы Дін істері жөніндегі басқарма басшысы Нұрдәулет Әлмұханов, сондай-ақ грант иегері болған студенттер мен магистранттардың қатысуымен онлайн жиын өтті.

Онлайн шарада алғаш болып сөз тізгінін алған ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жаңа оқу жылының басталуымен және студенттерді грант иегері болуымен құттықтап, білімнің маңыздылығы һәм діндегі аманат жөнінде аз-кем насихат айтты.

«Еліміздің тұрақтылығы мен бірлік-берекесінің артуы және дінтанушы мамандарды қолдау үшін Нұр-Сұлтан әкімдігі Нұр-Мүбарак университетінде оқитын 14 студентке грант бөліп отыр. Сіздердің жаңа оқу жылын жетістіктермен бастап, абыроймен аяқтауларыңызға тілектеспін. Мұндай қолдаудың бәрі де Тәуелсіздігіміздің жемісі деп білемін. Мемлекеттің, әкімдіктің дінге қамқорлық жасауы, дінтанушыларға грант бөлуі бұрын болған емес. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағалам, сенен пайдалы ілім, қорқатын жүрек, қабыл болатын дұға тілеймін» деп тілеген. Пайдалы ілім – болашаққа жетелейтін даңғыл жол. Отанды сүю тілмен ғана емес, іспен де жүзеге асады. Сондықтан, грант иегерлері, еліміздің ынтымақ-бірлігі, елордамыздың өсіп-өнуіне үлес қосасыздар деп үміттенемін» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Сондай-ақ Бас мүфти Алматыға барғанда Нұр Мубарак студенттерімен арнайы кездесетінін айта келіп, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне студенттерге грант бөліп, қолдау білдіргені үшін алғыс айтты.

Өз кезегінде, Нұрсұлтан қаласы Дін істері жөніндегі басқарма басшысы Нұрдәулет Әлмұханов: «Орыс және қазақ тілінде теология және дінтану мамандары бізде тапшы болғаннан кейін Нұр-Мүбарак университетіндегі 12 бакалавр, 2 магистрге Нұр-Сұлтан әкімдігінің гранты бөлінді. Ал грант иелерін әкімнің төрағалығымен құрылған арнайы комиссия анықтады. Бұл студенттер оқу бітіргеннен кейін келісімшарт талаптарына сай елорданың Дін істері жөніндегі басқармаға қарасты мекемелерде жұмыс істейді» дей келіп, шәкірттерге табыс тіледі.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің грантына Нұр-Мүбарак университетінің магистранттары Мұрат Омаров, Жанат Исламғалиев және Нұр-Мүбарак университетінің студенттері Мәди Төлбасы, Асыларман Шырынхан, Али Махамбетов, Айсұлтан Қазбек, Ғанизат Батухан, Жансал Сағынтаев, Ерлан Әлдибаев, Салимжан Юлдашев, Минура Сұлтан, Айғаным Шәмшіқызы, Ахмет Нұржігітұлы, Толқын Қуанышбекқызы ие болды.

Жиында грант иегері Ғанизат Батухан пен Мұрат Омаров өздеріне қамқорлық жасаған ел ағаларының үмітін ақтайтынын айтып, алғыс білдірді.

grant1

grant2

Бөлісу: