ҚМДБ: Сауат ашу курсы ұстаздарына семинар өтті (ФОТО)

Ел іші
Жарнама

Бүгін Алматы қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Аппарат жетекшісі Ғылымбек Мәжиевтің төрағалығымен еліміз бойынша мешіттер жанынан ашылған сауат ашу курстарының ұстаздарына арнайы семинар ұйымдастырылды, деп хабарлайды Muftyаt.kz.

«Аллаға шүкір, тәуелсіздік жылдарында дініміз бен тілімізді қайта жаңғырттық. Діни білім беру саласын бір жүйеге келтірдік. Бүгінде мешіт жанынан сауат ашу курстары ашылып, халқымызға дін қайнарынан дәріс алуға мүмкіндіктер туды. Бүгін біз Діни басқарма тарихында тұңғыш рет 2020 жылға дейін діни білімді жетілдіруге арналған тарихи құжатымызды, яғни, тұжырымдама қабылдадық. Бұл – үлкен нығмет, үлкен жаңалық, тарихи бастама»  деді Ғылымбек Мәжиев.

Семинарда Дін істері комитеті жанындағы Діндер мен дін мәселелерін зерттеу және талдау орталығының директоры Айнұр Әбдірәсілқызы, медресе ұстаздары, діни сауат ашу курстарының теолог-ғалымдары баяндама жасап, діни оқу-ағарту саласы бойынша ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды.

Айта кетейік, қазіргі уақытта республика көлемінде 751 мешітте діни сауат ашу курстары жұмыс істеуде. Аталған курстарда 2015 жылы 48 000 адам сауат ашты.


 

ummet.kz-ақпарат

 

Бөлісу: