19
Жұма,
Сәуір

һижри

Діни бірлестіктер басшыларының үндеуі

Ел іші
Жарнама

Биыл Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық мерейтойын атап өту шең­берінде 1 наурыз Қазақстан Республикасының Алғыс айту күні болып жария­ланды. Бұл мейрам көпэтносты және көп­конфессиялы Қазақстан халқы үшін терең тарихи және рухани мәнге ие.

Қазақстан жері тоталитарлық жүйе үстемдік құрған жылдары түрлі жағдайларға байланысты әділетсіздіктер мен жаппай қуғын-сүргін көріп, жазықсыз зардап шеккен әртүрлі этностардың сан мыңдаған адамдары үшін ортақ үйге айналды.

Қазақ халқы сонау қиын-қыстау заманда тағдыр тәлкегіне түскен мұқтаж жандарға жоғары адамгершілік, мейірімділік пен жанашырлық таныту арқылы олардың бойында жарқын болашаққа деген сенім мен үміт отын жақты.

Қазақстан халқы бүгінгі күнде де өздерінің жарқын болашағын құруда және туындап отырған қиындықтар мен сынақтардан сүрінбей өтуде ауызбірлік танытуда.

Біз конфессияаралық келісімді сақтау және нығайту, Елбасымыздың басшылығымен жаңа асуларды бағындыру және өркендеген мемлекет құру міндеттері төңірегінде одан әрі бірігіп, жұмыла түсуге тиіспіз.

Бұл мереке барлық этностардың бір-біріне және қазақ халқына деген алғысының, ортақ Отанымыз бен біртұтас халқымызға деген адалдық пен сүйіспеншілігінің, жасампаз еңбекке қабілеті мен шаттығының белгісі іспетті.

Біз Алғыс айту күнінде Қазақстан халқына бақыт пен ынтымақ, береке-бірлік, тәуелсіз еліміздің өркендеуін тілей отырып, айтулы мерекемен шын жүректен құттықтаймыз.

Біз бұл күні Мемлекет басшысы – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа қастерлі жерімізде бейбітшілікті сақтап, Мәңгілік Ел болуға жол салған сарабдал саясаты үшін шын жүректен алғысымызды білдіреміз!

Біздің алғысқа толы дұғаларымызды Жаратушы қабыл еткей! 

 Е. МАЯМЕРОВ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүф­ти; АЛЕКСАНДР, Астана және Қазақстан Митрополиті; Т. ПЭТА, Астана қаласындағы Қасиетті Мәриям Рим-католик архиепархиясының архиепископы; Е.КОГЕН, Қазақстанның Бас раввині; Ю.НОВГОРОДОВ, Қазақстан Республикасындағы Інжілдік лютерандық шіркеуінің епископы; Л.ПАЛАГИНА, Алматылық «Вон-Буддистер» шіркеуінің» басшысы.

Бөлісу: